К 30-летию Независимости Казахстана | 20 қазан 08:20

ҚБМ Yessenov университеті мен колледжіне демеушілік жасады

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы Yessenov University басшылығының есеп беру кездесуіне қатысты. Кездесуде облыстық мәслихат депутаттары, мұнай компанияларының басшылары, университет пен колледждің оқытушылар құрамы, қоғам белсенділері мен студенттер төбе көрсетті. Университет Президенті Берік Ахметов жиналғандарға білім ордасының өткен оқу жылындағы жетістіктері, сондай-ақ инновациялар мен жоспарлары туралы айтты.

Жиналыс барысында ҚБМ Бас директорының бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев компания Yessenov University-дің өскелең ұрпақ бастамаларын қолдайтын сенімді серіктесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Энергетика министрлігі келісімімен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мақұлдауымен және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен басшылық Шахмардан Есенов атындағы университетке 82 млн теңге және колледжге 12 млн теңге көлеміндегі демеушілік сертификаттарын табыс етті.

 

Бұл қаражат оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, атап айтқанда, зертханалық жабдықтар, газ хроматографтары, компьютерлер, қоршаған ортаның ластану деңгейін есептейтін бағдарламалық кешендер, цифрлық зертхана және тағы басқа сатып алуға жұмсалады.

«Техникалық кадрлар кластерін қалыптастыру – ҚБМ әлеуметтік саясатын жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі. Біз үшін қаладағы оқу орны студенттері сияқты, ауыл жастарының да заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, озық тәжірибе мен жаңа әдістемелерді зерделеп, сапалы білім алуы маңызды. Еліміздің болашағы білімді, талантты, болашағы зор жастардың қолында. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Қуанышбай Нұрғалиев.

 

Айта кету керек, демеушіліктен бөлек, ҚБМ меморандум аясында Қаражанбас кен орнында студенттерді тәжірибеге бағытталған оқыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл арқылы тәжірибеден өтушілер вахталық әдіспен өз ісінің шеберлерімен бірге жұмыс істеп, өндіріске тікелей араласып, тәжірибесін шыңдайды.

Қазір Шахмардан Есенов университеті Қазақстандағы жетекші оқу орындардың бірі, онда көптеген заманауи, білімді де дарынды жастар оқиды. Сондықтан ҚБМ қазақстандық жас кадрларды түрлі бағытта дамытып, қолдауды жалғастыруға ниетті.

«Қаражанбасмұнай» АҚ Баспасөз қызметi