«Үздік маман – бұл нағыз мықтылардың тартысы. Жыл сайын ішкі іріктеуде үздік атанғандар өзге мұнай компанияларының мықтыларымен жарысып, жарқын жетістіктерге жетіп жүр. Биыл да сайыс бәсекеге толы болатынына сенімдіміз. Тәлімгерлер үмітін ақтап, шын мықтылар жеңіске жетуіне тілектеспіз», – деді ӨБ директоры Ғ. Сәдуақасов.
Биыл байқауға екі ауысым бойынша жалпы саны 400-ге жуық қаражанбастық қатысуға өтініш білдірген. Олар 22 аталым бойынша алдымен теориялық тест тапсырып, кейін практикалық тапсырма кезінде шеберлігін паш етеді. І вахта жұмысшылары өз мамандығына және өндірістік, экологиялық қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша тест тапсырмаларына кірісті. Ереже бойынша бір қатысушыға 20 минут беріледі. Осы уақыт ішінде үміткер 20 сұраққа жауап беруі тиіс. Ұпай саны неғұрлым көп болса, соғұрлым жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.
«Сайыс болған соң ең алдымен қобалжу сезімі басым болады. Ал сұрақтар өз жұмысымызға қатысты болғандықтан аса қиын емес. Ең бастысы эмоцияға ерік бермей, білетін нәрсені тез әрі дұрыс белгілеу қажет. Жақсы нәтижеге жететініме сенемін. Әріптестеріме сәттілік тілеймін!», – дейді №3 мұнай өндіру цехының операторы Рахат Бекесов.
«Үздік маманның» теория кезеңі ІІ вахта жұмысшыларына да өткізіледі. Бұдан соң ортақ нәтиже шығарылып, жүзден жүйрік шыққандар тәжірибе кезеңіне жолдама алады.