Батыс аймақты Қазақстан БЭЖ-нің негізгі бөлігімен республика аумағы бойынша біріктіру елдің батыс облыстарының энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар энергия жүйесінің Солтүстік және Оңтүстік аймақтарының электр энергиясы мен қуатының теңгерімсіздігін өтеу үшін Батыс аймақтың маневрлік генерациясын пайдалануға мүмкіндік береді. Батыс аймақтың өткізу қуаты 500 МВт-қа дейін артады.
Инвестициялық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың электр энергетикалық жүйенің Оңтүстік аймағын күшейту, кейіннен еліміздің БЭЖ-імен біріктіре отырып, батыс өңірлер арасындағы транзиттік байланыстарды күшейту схемасын әзірлеу туралы тапсырмасы шеңберінде іске асырылуда.
Жоба шеңберінде ұзындығы 604,3 км болатын 500 кВ «Қарабатан ТП – Өлке ҚС» ӘЖ салу, 500 кВ «Өлке» ҚС реконструкциялау және кеңейту, сонымен қатар 500 кВ «Қарабатан» ТП АТҚ-сын салу көзделген. Жобаның аяқталу мерзімі – 2027 жылғы желтоқсан.
Мердігерлер «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу қағидаларының конкурстық рәсімдеріне сәйкес таңдалды. Жобаны қаржыландыру «KEGOC» АҚ-ның меншік қаражаты және Еуропа қайта құру және даму банкінің тартылатын қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.