К 30-летию Независимости Казахстана | 24 декабря 13:55

KEGOC: қызметкерлер бұқаралық спортта белсенді

Жалпы, салауатты өмір салтын ұс­тану – сәнді әрі жағымды тен­денцияға айналғанын күнделікті әлеуметтік желілерден, ақпараттық ресурстардан байқап жүрміз. Соның ішінде корпоративтік ұжымдардың бұқаралық спортпен шұғылдануы  – қуантарлық үрдіс. Осы тұрғыдан келгенде, «KEGOC» АҚ қызметкерлері де салауатты өмірге басымдық беретінін және олардың спорттағы жетістіктері жайында ауыз толтырып айтуға болады.

Мәселен, компания ішінде қа­лып­тасқан дәстүрлі спорттық үрдіс бар, ол–жыл сайын «KEGOC» АҚ атқарушы дирекциясы мен өңірлік филиалдары қызметкерлері ара­сында өтетін спорттық спартакиада. Ком­пания қызметкерлері өзара сайысқа түсе­тін спартакиада аясында мини-футбол, во­лейбол, үстел теннисі, армрестлинг, то­ғыз­құмалақ және шахмат сынды бұқаралық спорт­тың 6 түрінен жарысады. Мұндай спорттық шаралар өте тартысты және қызықты өтеді. Сайыс­тардан сүрінбей өткен жеңімпаздар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ еншілес және тәуелді компа­ния­лар арасында өткізетін кең ауқымдағы спорттық жарыс­тарға жолдама алады. Әри­не, бұл өз кезе­гінде қызметкерлерді әрі ынталандыру, әрі салауатты өмір салтын ұстануға әке­летін кешенді шаралар. Әрі ұжым қызмет­кер­лерінің бір-бірімен танысуға, өзара коммуникация және тәжірибе алмасуына жақсы мүм­кіндік. Өкінішке қарай, қазіргі панде­мия­лық ахуалға байланысты сани­тарлық та­лаптарды сақтау мақсатында спорттық спар­такиадаларды өткізу уақыт­ша тоқ­татылғаны белгілі.

«KEGOC» АҚ қызметкерлері арасында өте­тін спартакиаданың тарихына көз жүгіртетін болсақ, сонау 2004 жылдан бас­тау алады. Яғни, әуесқой спортшылар ара­сындағы алғашқы жолдастық кездесу «Ор­талық жүйеаралық электр тораптары» фи­лиалының ұйымдастыруымен Қараған­ды қаласында өткен болатын. Алғаш рет өткен жарыста спорттың бір ғана түрінен, дәлірек айтқанда волейболдан 4 команда өзара сайысқан болатын. Уақыт өте келе ком­пания деңгейіндегі маңызды сипатқа ие бол­­ған спорттық шараға қатысатын қыз­меткер­лердің қатары да артты, сайысқа түсетін спорт түрлері де көбейе бастады. Әл­бетте, спортакиаданың аясында  елі­міздің әр өңірінде жұмыс істейтін қыз­мет­керлердің бірі-бірімен танысуына, ер­кін коммуникация орнатуына жағдай туды. Ал бұл өз кезегінде қызметкерлер арасындағы кор­поративтік рухты жігерлендіруге және ұжым ішіндегі ауызбіршілікті нығайтуға септеседі.

Спартакиада әр жыл сайын Қазақстан­ның әр өңірінде, яғни ком­пания­ның филиалдары орналасқан ай­мақтарда өткізіліп келді. Бір айта кетерлігі, қай өңірде өтсе де, спорттық шараны қызықтап келетін жанкүйерлердің қатары да аз болмайды. Жанкүйерлер қауымы, әсіресе өте жоғары деңгейде өтетін қыз­мет­керлеріміздің волейболдағы тартыс­тарын тамашалайды. Сондай-ақ компания қызметкерлерінің арасында армрестлинг, тоғызқұмалақ сияқты ойын сайыстарына қызығушылық артып келеді. Бұл бұқаралық спортқа деген қызығу­шылығы бар қызмер­керлер санының артып келе жатқаны­ның дәлелі.

«KEGOC» АҚ-ның әуесқой спорт­шы­ларының білек сыбанып, бағын сынайтын тағ­ы бір тамаша алаң бар. Ол – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобы арасында өткізетін спорттық спартакиада. Бұл жиырмаға жуық ұлттық компания мен мекемеден іріктелген спортшылар сайысқа түсетін орта. Осын­дай тартысты бәсеке­лерде кегоктықтар бірнеше жыл бойы алғашқы төрттіктің қатарынан түспей келеді.

Мәселен, «KEGOC» АҚ құрамасы 2013 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялары тобы арасында өткен І спартакиаданың қорытындысы бойынша 19 команданың ішінен жалпыкомандалық ІІІ орынды иеленсе, кезекті 2015 жылғы спартакиадада да кегоктықтар жақсы нәтижелер көрсеткен болатын. Дәлірек айтқанда, мини-футболдан 5-ші, волейболдан 1-ші, шахматтан 5-ші, үстел теннисінен әйелдер арасында – 3-ші, ерлер арасында – 7-ші, армрестлингтен 5-ші орындарды иеленіп, жалпы ұпай санымен IV орынға ие болды. Ал 2016 жылы өткен сайыста KEGOC өкілдері волейбол (1 орын), мини-футбол (4 орын), армрестлинг (5 орын), шахмат (3 орын), үстел теннисінен (2 орын) өте жоғары нәтижелерімен өнер көрсетіп, жалпы ұпай санымен ІІ орынға ие болды. Тағы бір ерекше жайт, 2019 жылы өткен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобы арасында өткізетін спартакиадасында KEGOC компаниясы қатысушылар саны бойынша алдыңға қатарға шықты, яғни компания атынан 184 қызметкер қатысқан болатын. Бұл  жай сандық көрсеткіштер ғана емес, ұжым қызметкерлерінің бұқаралық спортқа едәуір жақын екенін және айтарлықтай тәжірибе жинақтағанын көрсетеді.

Ұжымда марафон жанкүйерлері де басым

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жиі өткізілетін жаппай жүгіру марафондары қазіргі кезде Қазақстанның өзге қала­ларын­да да трендке айналып келеді. Қала тұрғындары жаппай қатысатын жүгіру шараларының сүйсінер тұсы тағы бар. Қатысушылардан түскен қатысу жарна­сының белгілі мөлшері қарайым­дылық қорларға аударылады. Спортпен шұғыл­дана отырып, игілікті істерге қатысу, өз үле­сінді қосу құптарлық үрдіс. Осындай бұқаралық марафондарға қызығушылық танытып жүрген KEGOC компаниясы қызмет­керлерінің қатары жыл сайын артып келеді. Алғаш рет 2016 жылғы Астана марафонына қатысқан әріптестеріміз бүгінде жаппай жүгіру шараларына белсенді қатысуды жағымды дәстүрге айналдырған. Соңғы 6 жылдың көлемінде жүйрік әріптестеріміздің арасында жүгіру техникаларын үнемі дамытып, жаттығу дайындықтарын жақсар­ту­дың нәтижесінде жартылай марафон (21,1 шақырым) және толық марафон (42,2 шақырым) қашық­тықтарын бағындыру­шылардың қатары артқан.

Қазіргі таңда марафоншы әріптестері­мізді біріктіретін орта – KEGOC RUNNING CLUB клубы қалыптасқан. Атал­мыш клубта «KEGOC» АҚ атқарушы дирекциясы және өңірлік филиалдары, еншілес компаниялар «Энергоинформ» АҚ және «ЖЭК жөніндегі ҚЕАО» ЖШС-дан жиналған барлығы 30-дан астам қызметкер бар. 2016 жылдан бергі аралықта кегоктықтар бас-аяғы 20-ға жуық марафонға қатысып, жылдамдыққа жүгіру көрсеткіштерін жыл сайын жаңартып келеді. Яғни, компаниямыздың қызмет­керлері дәстүрлі түрде өтіп жүрген Аstana marathon, Almaty marathon,  BI marathon, Astana Winter Marathon секілді бұқаралық шаралардың белсенді әрі тұрақты қатысу­шылары. Ерекше қызықты өткен марафон­дардың бірі – қыстың ауа температурасы -25 градусқа дейін түсетін қақаған аязды күнінде өткен II Astana Winter Marathon-да кегоктықтар асқан ерік-жігер танытып, белгіленген қашық­тықтарды (10 және 21,1 шақырым) мүдір­мей жүгіріп өткенін атап өткен жөн. Қатысушылардың барлығы естелік меда­льдармен марапатталды.

Сонымен қатар қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген BI марафонда да «KEGOC» АҚ корпоративтік командасы бір кісідей қатысып, әсіресе ораза тұтқан әріптестеріміз межелеген қашықтықтарын еш қиындықсыз жүгіріп келді. Бұл жолы корпоративтік команданың құрамында «KEGOC» АҚ Атқарушы дирекциясы, «Энер­­гоин­форм» АҚ, «ЖЭК жөніндегі ҚЕАО» ЖШС және Ақмола ЖЭТ филиа­лы­нан жиналған 20-ға жуық жүйрік болды.

Компания басшылығы бұқаралық спортқа жақын қызметкерлердің артып келе жатқандығын ескеріп, 2019 жылы елорданың триатлон паркінде компания тарихындағы алғашқы жүгіру KEGOC RUN марафонын өткізген болатын. Спорттық іс-шара жыл сайын 28 сәуірде аталып өтетін халықаралық мереке – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылды. Марафонға қатысуға тілек білдірген компанияның барлық қыз­меткері өз мүмкіндіктерін 35-ке дейін және 35-тен жоғары жас категория­ларында сынап, жылдамдыққа жүгіріп келді. Жеңім­паздар жүлделі орындарға ие болып, арнайы марапатталды.

Әуесқой спортшыларымыздың жеңістері

Сонымен қатар әуесқой спортшы­ларымыздың арасында өтетін шахмат, мини-футбол сынды жарыстардағы жеңістеріне тоқталып өтуге болады. Мә­селен, ЖЭК-ті қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС Дамы­ту және жоспарлау департаментінің бас маманы Тимур Мажиков, «KEGOC» АҚ ҚС қызмет көрсету жөніндегі электр мон­­тері Баянбек Бақтыбаев және «Энергоин­форм» АҚ Қауіпсіздік, еңбекті қорғау және азаматтық қорғаныс депар­таментінің бас маманы Данияр Бердоң­ғаров сынды қызметкерлерден құралған «KEGOC» АҚ шахматшылар командасы биыл Орталық Азия бойынша өткен KPMG шахмат ойындарының онлайн чемпионатында көшбасшылар бестігіне енді. Яғни, «KEGOC» АҚ командасы жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болды. Турнирге Қа­зақстан, Қырғыз елі мен Өзбекс­тан­нан 46 команда қатысқан. Чемпионат Қа­зақстан шахмат федерация­сының қол­дауымен lichess.org ойын алаңын­да (онлайн форматта) өткен бола­тын.

– Жыл сайын шахмат турнирі үлкен танымалдылыққа ие болып келеді. Биыл турнирге Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінен жинақталған 40-тан астам команда қатысты. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бұл турнирге 2016 жылдан бері қатысып келемін және жыл сайын шахматшылардың деңгейі артып келе жатқанын атап өту қажет. Мен шахматты 5 жастан бастап ойнаймын. Өз атымнан KPMG турнирінің ұйымдастыру­шыларына, шахмат турниріне қолдау білдірген Қазақстан шахмат федерациясына және жақсы ойын көрсетіп, жеңіске ұмтылған өз командама алғыс білдіргім келеді, – дейді Данияр Бердоңғаров.

Сондай-ақ «KEGOC»  АҚ атқарушы дирекциясында да, өңірлік филиалдарында да мини-футболдан құрылған командалар бар. Командалардың басым бөлігі аймақтық және республикалық жарыстарда жақсы көрсеткіштер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Соның бір дәлелі, 2021 жылғы 5 қарашада Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Жастар саясаты мәселелері басқар­масының қолдауымен өткен мини-футбол турниріне «KEGOC» АҚ командасы қа­тысып, қола жүлдені жеңіп алды. Мерекелік турнирге елорданың KEGOC, ҚТЖ, BAZIS-A, «Қазатомпром» сияқты ұйым­дарынан келген командалар қатысты.

Жалпы, компания қызметкерлерінің жұмыстан тыс уақытта белсенді түрде бұқаралық спортқа ден қоюы және түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алуы – қуантарлық жайт. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет бас­шы­сы тапсырған бұқаралық спортпен шұғыл­данушы халықтың санын жыл сайын арт­тыру жөніндегі тапсырмасы осындай қадам­дармен жүзеге асатыны анық. Себебі  дені сау ұрпақ – ертеңгі елдің жалғасы, жарқын болашақтың кепілі.

Спортпен шұғылданайық!

Ақмарал БАЯЗИТОВА, «KEGOC» АҚ Коммуникациялар қызметінің бас маманы

https://aikyn.kz/176862/kegoc-kyzmetkerler-bukaralyk-sportta-belsendi/