К 30-летию Независимости Казахстана | 10 января 10:03

Келешегiн ойлаған KEGOC компаниясы жастарға жанашырлықпен қарайды

«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» акционерлік қоғамы жастар саясаты мәселелеріне әрдайым жете көңіл бөліп келеді. Компанияда жас мамандардың кәсіби шыңдалуына, мәдени-рухани дамуына және салауатты өмір салтын ұстануына барлық мүмкіндік жасалып отыр - SK News.

Отандық электр энергетикасы саласының басты операторы саналатын KEGOC компаниясында 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соның 29 пайызы – жастар. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келеді. Өткен жылы «KEGOC» АҚ орталық кеңсесіне – 35 жасқа дейінгі 23 қызметкер, Ұлттық диспетчерлік орталығына – 4 жас маман жұмысқа қабылданды. Бұған қоса, компанияның ел өңірлерінде орналасқан 9 аймақтық филиалының кадрлар құрамы 215 жас маманмен толықтырылды.

KEGOC  компаниясының кадрлық саясатына сәйкес жыл сайын талантты жастар пулы жасақталады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осы кадрлық резервке жастар санатындағы 29 маман енгізілген. Компанияда қатардағы қызметкерлерге қоса, жоғары деңгейдегі басшылық лауазымдарды еншілеген жастар да кездеседі. Олар – Стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директор, Қамтамасыз ету және қорлар департаментінің директоры және басқалар.

Компания үнемі назарда ұстайтын тағы бір маңызды мәселе – қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын арттыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі. Соның бірі – өндірістік жұмыскерлердің жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы баспана алуына мүмкіндік беретін әлеуметтік бағдарлама. Бұл игі бастаманың негізгі мақсаты – жоғары сұранысқа ие, білікті, тәжірибелі мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету арқылы оларды компанияда тұрақтандыру. Несие бағдарламасы арқылы биыл «KEGOC» АҚ-ның өңірлік филиалдарында жұмыс істейтін 44 қызметкердің тұрғынжай алуына мүмкіндік туғызылды. Соның ішінде 31 жас маманның алды қазір жаңа пәтерлерге кіріп, баспаналы болып жатыр.

- Несие бағдарламасы жұмыскерлерді компаниямыздағы жұмысында орнықтыруды ғана емес, сондай-ақ олардың әл-ауқатын арттыруды да көздейді. Өйткені, қазіргідей жаһандық экономикалық тұрақсыздық кезінде тұрғынжай алуға мүмкіндік беретін мұндай қолдаудың маңызы өте зор деп есептеймін, – дейді  баспаналы болған «Ақмола ЖЭТ» филиалының аға диспетчері Жұман Қыпшақбай. 

KEGOC компаниясында 2013 жылдан бері Жастар ісі жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Кеңестің төрағасы болып Телекоммуникация департаментінің телекоммуникацияларды сүйемелдеу тобының бас менеджері Еркебұлан Наурызбаев бекітілді. Сондай-ақ кеңестің жұмысына өңірлік филиалдардан жауапты өкілдер тартылған. Кеңестің жылдық жұмыс жоспары жасалғаннан кейін оны орындауға компанияның бүкіл жас қызметкері атсалысады.  

Өткен жылы «KEGOC» АҚ-да 2021-2025 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа өзгерістер енгізілді. Соның ішінде компания жыл сайын «Энерготехкәсіподақ» қоғамдық бірлестігіне мәдени-бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шараларды ұйымдастыру үшін, сондай-ақ жастар қозғалысын дамыту үшін еңбекақы төлеу қорының кемінде 0,25 пайызы мөлшерінде қаржы бөлуге міндеттелді.

  Қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бастамасымен құрылған Супервайзерлер институты тұрақты жұмыс істейді. Оның мақсаты – портфельдік компаниялардың Жастар кеңестері арасында өзара байланыс орнату. Осы жұмысты компания тарапынан үйлестіру үшін «KEGOC» АҚ супервайзері лауазымына Адами ресурстарды басқару департаментінің HR қызмет көрсету бөлімінің менеджері Нұрмұхамед Момынтай арнайы уәкіл ретінде тағайындалды. Енді компания жастары қордың өзге құрылымдарындағы жас мамандармен байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмаса алады.

Соның бір айғағы – 2022 жылғы 10-13 қарашада Түркістан қаласында өткізілген «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобы жастарының форумы. Оған қатысқысы келетін жас қызметкерлер челлендж байқауына қатысып, үздік нәтижелер көрсетуге тиіс болатын. Челлендж тұжырымдамасы үш бағытты қамтыды – физикалық, эмоциялық және зияткерлік тапсырмаларды орындау. Нәтижесінде компанияның 19 белсенді жас маманы іріктеуден өтіп, форумға жолдама ұтып алды. Ал форумның қорытындысы бойынша KEGOC-тың 3 қызметкері «Жеті қадам» жас көшбасшыларды дамыту модульдік бағдарламасына қатысу үшін іріктеліп алынды. Аталмыш бағдарлама қорға кіретін компаниялар тобы жас мамандарының көшбасшылық әлеуетін дамыту, басқару құзіреттерін енгізу техникасымен жан-жақты таныстыру, коммуникативтік дағдыларын дамыту, командада жұмыс істеу, бюджеттік жоспарлау қағидаттарын түсіну сынды озық тәжірибелерді игеруін көздейді.

Бұдан бөлек, «KEGOC» АҚ «Алматы ЖЭТ» филиалының қызметкерлері тәжірибе алмасу және ESG қағидаттарын енгізу бойынша стратегиялық сессиялар өткізу үшін «Эйр Астана» АҚ оқу орталығы мен «Алматы электр желілері» АҚ гидроэлектрстансасында болды.

Сондай-ақ биыл компания қызметкерлерін дамыту және ынталандыру мақсатында «KEGOC» АҚ басшылығы келешегінен үміт күттіретін 40-тан астам жас маманмен  арнайы кездесу өткізді. Екі күнге созылған іс-шара ақпараттық сессиялар мен мәдени-танымдық және оқыту бағдарламарын қамтыды.

Компания жастары «KEGOC» АҚ қызметкерлерінің спартакиадасы мен қордың портфельдік компаниялары арасындағы спорттық іс-шараларға белсене қатысты. Ал Жастар кеңесінің мүшелері спорттық ұйымдастыру жұмыстарына жұмылдырылды. Тағы бір айта кететін жайт, компания жастары жүгіру марафондары сияқты бұқаралық спорттық іс-шараларға қатысуда да белсенділік көрсетіп келеді. Айталық,  KEGOC-тың бірнеше деңгейлі дайындықтан өткен тәжірибелі жүйріктері Астана, Алматы және басқа қалаларда өткізілген 10, 21 және 42 шақырымдық бұқаралық марафондарға қатысып, көзге түсті.

Компания жастарының қазақ және ағылшын тілдерін меңгеру деңгейін көтеру мақсатында Speaking Club отырыстары, сондай-ақ QUIZ форматында зияткерлік ойындар жүйелі өткізіліп жүр. Мұның барлығы жастардың тілдерді жетік меңгеруіне, экономика, география, тарих бойынша білімдерін тереңдетуге және логикалық ойлау дағдыларын дамытуға септігі тиетін пікір алысу алаңдары болып саналады.

Жаңадан келген жас мамандарды компания жұмысына бейімдеу, оның ішінде өндіріспен жақынырақ таныстыру мақсатында «KEGOC» АҚ-ға қарасты «Ақмола ЖЭТ» филиалына экскурсиялар ұйымдастырылады. Мұндай бейімдеу жұмыстарының аясы жылдан-жылға кеңейтілмекші.

Компания жастарының қоғамдық өмірдегі белсенділігі де айтарлықтай. Олар жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қатысып, мектеп оқушыларына қажетті оқу құралдары салынған рюкзактар табыс етіп жүр. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне көмек қолын созып, оларға азық-түлік себеттерін тапсыру жұмыстарына атсалысып келеді.

Бұған қоса, компанияда және өңірлік филиалдарда көмекке мұқтаж жандар үшін қайырымдылық акциялары жиі өткізіліп тұрады. Мәселен, Жастар кеңесі «Оңтүстік ЖЭТ» филиалында жұмыс істейтін қызметкердің баласының еміне қажетті қаражатты жинау үшін компанияның орталық кеңсесінде «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық акциясын өткізді. Жас қызметкерлер тоқаш-бәліштер, бауырсақ, шығыс тәттілері және ыстық тамақтар әкеліп, іс-шараға келген қонақтарға үлестірді. Акция аясында жиналған 410 000 теңге баланың еміне жіберілді.

Жалпы, өткен жылы қайырымдылық акциялары мен еріктілер қозғалысы бойынша іс-шараларға белсене атсалысқан KEGOC ұжымы, «Энерготехкәсіподақ»  және филиалдардың кәсіподақ ұйымдары мұқтаж жандарға жалпы сомасы 18,2 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.