Қазақстанда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектеп ашылуда. Оның 208-і «Самұрық-Қазына» қоры арқылы бірыңғай оператор — «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқаруымен мақсатты құрылыс жүйесі бойынша жүзеге асырылды.
208 нысанның барлығында құрылыс-жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ел бойынша оқушылар үшін 217 300 жаңа орын ашылды. Мектептердің 60%-ы қалаларда, 40%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа нысандардың арқасында 7 апатты білім ордасы мен үш ауысымды 49 мектеп жойылып, 141 оқу ғимаратындағы орын тапшылығы мәселесі шешілді.
Жоба барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларды қамтыды. Жалпы бюджеті - 1,423 трлн теңге. Құрылыс барысында негізінен отандық материалдар қолданылып, жергілікті қамту үлесі (құрылыс-жөндеу жұмыстарын есептемегенде) 78%-ға жетті.
Жоба ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша оқушы орындары тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқу жүйесі сияқты мектеп инфрақұрылымы мәселелерін жою мақсатында іске асырылуда.