Маңғыстау облысында өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов және мұнай-газ саласының ардагерлері Кендірлідегі теңіз суын тұщыту зауытында болды. Кәсіпорында 30 мамыр күні құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, іске қосу-баптау іс-шаралары жүргізілді. 9 шілдеде технологиялық жабдықтардың бүкіл циклі іске қосылып, оның барысында теңіз суын тұщытуға арналған өндірістік желі тексерілді және толық жуылып шықты.
Бүгінгі таңда қуаты тәулігіне 12 500 текше метр болатын алғашқы өндірістік желі сәтті іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Зертханалық талдау судың сапасы санитарлық-гигиеналық нормаларға толық сай екенін растады. Көп сатылы тазарту және тұзсыздандыру процесінен өткен су ұзындығы 100,7 шақырым жаңа магистралды құбыр арқылы Жаңаөзен қаласының орталық сумен жабдықтау торабына берілді.
Жаңа зауытта Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай және ҚМГ басшысы А.Хасенов тұщытылған теңіз суының дәмін татып көрді. Биыл қазан айының соңына дейін зауыттың өндірістік қуатын тәулігіне 50 000 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл ірі әлеуметтік жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда және стратегиялық маңызға ие.
Зауыт Жаңаөзен мен іргелес жатқан елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ нысан «Астрахань — Маңғышлақ» магистралды су құбырына жүктемені азайтып, өңірдегі өнеркәсіп әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
ҚМГ жүзеге асырған жоба 91 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарына 650-ге дейін адам жұмылдырылған.