«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында жобалық қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын «Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауытына барды. Кәсіпорында 30 мамыр күні құрылыс жұмыстары аяқталды. Суды тұщыту, тұзсыздандыру және минералдандыру цехтары, сорғы станциясы, екі қосалқы станция, жөндеу-механикалық цех, гараж, қоймалар, зертхана, өрт сөндіру бекеті, қазандық салынды.
Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым — ұзындығы 80,1 км электр беру желісі, жалпы ұзындығы 201,4 км екі тармақты магистралды су құбыры, 48,1 км газ құбыры, 40,1 км автожол салынып бітті. Жобаның теңіз бөлігі бойынша теңіз түбіндегі траншеяға полиэтилен құбырлары төселді. Кәсіпорында әлемнің жетекші өндіруші компаниялардың озық технологиялары қолданылуда. Қазіргі кезде зауытта іске қосу-баптау іс-шаралары жүріп жатыр.
9 шілдеде технологиялық жабдықтардың бүкіл циклі іске қосылды, оның барысында теңіз суын тұщытуға арналған өндірістік желі тексеріледі және жуылады. Бұл процесс 72 сағатқа созылады. Сынақ іс-шаралары сәтті аяқталған кезде зауыт жұмыс режиміне көшеді.
Теңіз суын тазарту мен тұщыту — бұл күрделі процесс. «Тіршілік нәрі» зауыттан 730 метр қашықтықта теңіз үстінде орналасқан арнайы су жинайтын құрылғы арқылы тереңдігі 12 метрлік құдыққа келіп түседі. Одан кейін теңіз суы қондырғылардың көмегімен құбыр арқылы кәсіпорынға жетеді. Тұщыту цехында суды лайдан тазартуға және басқа заттарды жоюға бағытталған бірқатар процедура жасалады.
Бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласына суды екі компания «Магистральды су құбыры» ЖШС мен «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС жеткізіп отыр. Жаңаөзенге қазіргі бар көздерден беріліп отырған судың жоспарлы көрсеткіштерін, сондай-ақ халықтың оны тұтынудың маусымдық факторын ескере отырып, «Кендірлі» зауыты суды бастапқы кезде «қосымша режимде» өндіретін болады, яғни жетіспейтін көлемін қамтамасыз етеді. Тұщытылған теңіз суы барлық қажетті талдау мен зертханалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін ұзындығы 100,7 км құбыр арқылы Жаңаөзен қаласына жеткізу үшін «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық мекемеге жіберіледі.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда. Барлық эксплуатациялық, соның ішінде жабдықтарды жасаған компаниялардың қатысуымен өтетін іс-шаралар аяқталғаннан кейін нысан Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беріледі.