Бильярд бойынша кезекті турнирге 40-қа жуық мұнайшы қатысты. Тартысты ойын нәтижесінде күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Қаражанов үшінші орынға ие болды. Екінші орынға қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Наурызбек Дүйсекенов тұрақтады. Ал электр цехының электригі Жайық Дәуешов турнир жеңімпазы атанды.
Шахмат ақыл-ойды дамытатын қуат көзі деп бекер айтылмаса керек. ІІ вахта ауысымы мұнайшыларының кездесулері ойын стилімен, әсерлі және мұқият ойластырылған комбинациялармен ерекшеленді. Нәтижесінде, үшінші орынды технологиялық көлік басқармасының жүргізушісі Бағдад Ербосынов, ал осы бөлімшенің шебері Исладин Байсегізов екінші орынды иеленді. Ал шахмат турнирінің жеңімпазы мұнай өндіру технологиясы бөлімінің инженері Марат Бугасов болды.
Кір тасын көтеру және қол күресі – мықтылар мен төзімділерге арналған спорт. Аталмыш жарысқа әртүрлі цехтар мен бөлімдерден 30-дан астам білекті жұмысшы тартысқа түсті. Кір тасын көтеруден үшінші орынды бу өндіру цехының машинисі Бақтияр Төлеубаев иеленді. Екінші орын газ цехының шебері Абай Халиевке бұйырды. Ал ТКБ жүргізушісі Азамат Картов қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, жеңімпаз атанды.
Жігіттер қол күресінен де мықты физикалық дайындығын көрсетті. Мұнда үздік үштікті бұрғылау және ұңғымаларды жер асты күрделі жөндеу басқармасының бұрғышы көмекшісі Айбек Сатыбалдин түйіндеді. Көлік бөлімшесінің жұмысшылары барлық сайыста мықтылар тізімінен түспеді. Бұл жолы жүргізуші Есім Басшиев екінші орынға тұрақтады. БӨЦ машинисі Бақтияр Төлеубаев аталмыш спорт түрінен де үздік нәтиже көрсетіп, қол күресінен чемпион атанды.
ҚБМ ұжымы мықты нәтиже көрсеткен қатысушыларды құттықтай отырып, алдағы жарыстарға да жеңіс тілейді.