ҚазМұнайГаз-Аэро және Azerbaijan Airlines (AZAL) Шымкент қаласының халықаралық әуежайында ұшақ «қанатына» жанармай құю бойынша қызмет көрсету туралы шартқа қол қойды.
AZAL 2026 жылғы 16 маусымнан бастап Шымкент-Баку бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейсін іске қосады. Рейс аптасына екі рет — сейсенбі және сенбі орындалады.
ҚМГ еншілес компаниясы - ҚазМұнайГаз-Аэро авиакомпанияның әуе кемелеріне халықаралық қауіпсіздік, сапа және операциялық сенімділік стандарттарына сәйкес жанармай құюды қамтамасыз ететін болады.
Жетекші халықаралық әуе тасымалдаушыларымен серіктестікті кеңейту ҚМГ-Аэроның Қазақстан әуежайларында авиакомпанияларға тұрақты қызмет көрсететін басты авиаотын операторларының бірі ретіндегі беделін нығайта түседі.
Іске асырылып жатқан шаралар — Мемлекет басшысының елдегі көлік-логистиканың әлеуетін дамытуға, отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанға шетел авиакомпанияларын тарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған тапсырмаларын орындау аясындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.