«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Астанада өтіп жатқан XVI KAZENERGY Еуразиялық форумының жұмысына қатысты. Стратегиялық сессия кезінде энергетика саласының болашағы жөнінде пікірталас өтті. Оған KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов, Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) президенті Ровшан Наджаф, «Turkish Petroleum Corporation» (TPAO) түрік мемлекеттік компаниясының басшысы Ахмет Түркоғлу және «Өзбекнефтегаз» АҚ Басқарма төрағасы Баходиржон Сидиков қатысты.
ҚМГ басшысы өз сөзінде компания жаһандық энергетикалық трансформация аясында әлемдік нарықтағы өзгерістерге бейімделіп, ұзақ мерзімді тұрақты стратегияны қалыптастырып жатқанын атап өтті.
— Компанияның басым бағыттарының бірі — құны жоғары өнімнің барлық тізбегін дамыту. ҚМГ еліміздің минералды-шикізат базасын тұрақты толықтыруға бағытталған стратегия аясында геологиялық барлауды белсенді дамытып келеді. Бүгінде компанияның портфелінде 13 барлау жобасы бар. Оларды ұлттық компания өзі және Eni, Лукойл, CNOOC, SINOPEC, Татнефть және басқа да халықаралық серіктестерді тарта отырып жүзеге асыруда. ҚМГ міндеті — қысқа мерзімді перспективада барлау активтерінің негізгі портфелі бойынша мұнай қорын 200 млн тоннаға дейін ұлғайту, — деді А.Хасенов.
Бұдан бөлек ұлттық компания республиканың аз зерттелген аумақтары шегінде жер қойнауын геологиялық зерттеуді жүргізуде. Бұл бағытта 8 жаңа жоба жасақталды, оның аясында ҚМГ жаңа перспективті мұнай-газ учаскелерін анықтау үшін еліміздің түрлі өңірлерінде геологиялық жұмысты арттыруға инвестиция құятын болады. Жалпы қазіргі уақытта іске асырылып жатқан геологиялық барлау жобаларының әлеуеті шамамен 800 млн тонна мұнай эквивалентін құрайды.
Мұнай мен газ өндіру — компанияның негізгі қызметі болып қала береді және ол елдің энергетикалық әрі экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. ҚМГ ескі кен орындарында өндіру көлемін сақтап тұру үшін тың технологияларды енгізуде. Мұнай көлемін арттырудың жаңа әдістерін қолдану жөніндегі бағдарлама әзірленді.
— Бүгінде біз мұнай-газ химиясы саласын да белсенді дамытып жатырмыз. Бұл бағыт қосылған құнды айтарлықтай ұлғайтуға және экспортты әртараптандыруға мүмкіндік беретін жаңа өсу нүктесіне айналды, — деді А.Хасенов.
ҚазМұнайГаз Қазақстанның шикізаттық емес экспортының дамуына әсер ететін полимер, карбамид өндіретін ірі мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды жүзеге асырып жатқаны белгілі.
Сессия барысында А.Хасенов мұнай мен газдың жаһандық энергетикалық баланста жетекші рөлі ұзақ уақыт бойы сақталып қала беретінін атап айтты.
— ҚМГ жоғары бәсекелестік жағдайында вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы ретінде дамуын жалғастырады. Ұлттық компания өндірістік процестерді жақсарту, жасанды интеллект пен озық технологиялар негізінде цифрлық шешімдерді енгізу арқылы операциялық тиімділікті арттыруға баса назар аударып отыр, — деп қорытындылады ҚМГ басшысы.