Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысындағы «Астрахань-Маңғыстау» магистральды су құбырының ВНС-5 су сорғы станциясында болды. Бүгінгі таңда бұл су құбыры Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының тұтынушылары үшін, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандары үшін су берудің жалғыз орталықтандырылған көзі болып отыр.
«ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Талғат Құрманбаев Мағзұм Мырзағалиевке «Астрахань-Маңғыстау» магистральды су құбырын қайта құру және кеңейту» жобасын іске асыру қарқыны жайлы баяндады (1-кезек). Талғат Құрманбаевтың мәліметінше, бүгінгі күні су құбыры шамамен 90%-ға тозған, ең жоғары өткізу қабілеті — тәулігіне 110 мың текше метр. Қайта құру жобасы бойынша су құбырының өндірістік қуаты тәулігіне 170-200 мың текше метрге дейін жеткізілетін болады. Іске асыру мерзімі – 2022-2023 жылдар.
«Су құбырын қайта құру жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылуда және әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды жоба. «ҚазМұнайГаз» тарапынан жобаны іске асыруды бастау үшін қажетті барлық шешім қабылданды. Енді біз өңірдегі халықтың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оны тезірек аяқтауға барынша күш салуымыз керек», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Маңғыстау облысында М.Мырзағалиев Қаражанбас кен орнында биыл 1 шілдеде сынақ режимінде ашылған су тұщыту зауытында болды. Қазіргі уақытта кәсіпорын тәулігіне 7-8 мың текше метр тазартылған су өндіреді. «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Маңғыстау облысының тұрғындары үшін «Астрахань-Маңғыстау» магистральды су құбыры арқылы жеткізілетін 950 мың текше метрден астам ауыз су шығарылған. Зауыт толық өндірістік қуаты – 17 мың текше метрге (мұндай тазартылған су көлемін тәулігіне 42,5 мың текше метр жерасты суын өңдеу арқылы алады) 2022 жылдың соңына дейін шығады деп күтіледі.
Кәсіпорын қызметімен танысқан Мағзұм Мырзағалиев «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығына жобадағы қуатқа қол жеткізу үшін су тұщыту зауытының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ қалған құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтауды және атқарушы-техникалық құжаттаманы дайындауды жеделдетуді тапсырды.
Екі су жобасы да Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыс өңірлердегі ауыз су тапшылығын шешу жөніндегі тапсырмалары бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Жұмыс сапарының соңында Мағзұм Мырзағалиев Ақтаудағы Caspi Bitum мұнай өңдеу зауытына келді. «Caspi Bitum» БК» ЖШС бас директоры Талғат Мұқанов ҚМГ басшысын зауыттың өндірістік көрсеткіштерімен және биылғы желтоқсан айына белгіленген зауыттың жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарына дайындығымен таныстырды. 2022 жылдың 10 айында Caspi Bitum өндірістік жоспардан озып келеді, оны жыл қорытындысы бойынша орындайды деп күтіледі.