Іс-шараның ашылу салтанатында ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов атап өткендей, Мемлекет басшысының ресурстық базаны толықтыру жөніндегі міндеттері аясында бүгінде ұлттық компания ауқымды геологиялық барлау бағдарламасын іске асырып келеді. Ол заманауи тәжірибеге, халықаралық стандарттарға негізделген, сондай-ақ еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне салынған ұзақмерзімді инвестиция.
Геологиялық барлау жұмыстары негізінен тереңде жатқан қабаттар мен аз зерттелген аумақтарға бағытталған. Оларды игеру айтарлықтай ресурсты талап етеді.
ҚМГ-ның ескі кен орындарында мұнай өндіру деңгейін ұстап тұру үшін жаңа технологияларды енгізудің маңызы зор. Бұл өндірістік көрсеткіштерді арттыру, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтап, өңірлердің тұрақты дамуы үшін де қажет.
— Жаңа қорларды іздеу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, Каспий маңынан Оңтүстік Торғайға дейінгі өңірлік геология мен шөгінді бассейндерді терең әрі жан-жақты зерттеу қажет. Сонымен қатар ескі активтерде барлауды тиімді жүргізіп, өндіру процесін сүйемелдеу арқылы қосымша ресурстарды анықтауымыз керек. Қойылған міндеттерді орындау үшін «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының біліктілігі жоғары геологтардан тұратын команда қажет. Бүгінгі оқудың мақсаты да осы - кәсіби команданы қалыптастыру, — деді А.Хасенов.
Бағдарламаға қатысушылар арасында «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазақойл Ақтөбе», «Қазақтүрікмұнай», «Dunga Operating GmbH», «Қазгермұнай», «Урал Ойл энд Газ», «Өріктау Оперейтинг», «ҚМГ Инжиниринг», «KMG Barlau», «Zhylyoi Operating», «Bolashak Operating» және «Akkaiyn Operating» компанияларының геологиялық қызметтерінің 40-тан аса маманы бар.
Модульдік оқу бағдарламасы аясында геологтар еліміздің негізгі шөгінді бассейндерінің өңірлік геологиясы, седиментология, сейсмикалық барлау деректерін модельдеу, өңдеу және интерпретациялау, сондай-ақ перспективті құрылымдарды іздеу мен дайындау, тәуекелдерді талдау бойынша оқудан өтеді. Жеке блок ҚР Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының және мұнай-газ қорлары мен ресурстарын бағалау мен жіктеудің халықаралық жүйесінің (Petroleum Resources Management System - PRMS) стандарттары бойынша қорларды есептеуге арналатын болады.
Бұған қоса, цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылады. Мамандар 3D модельдеуді енгізу аспектілерін, файлдарды жылдам өңдеп, деректерді жіктеу үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін және күнделікті процестерді автоматтандыруды үйренеді.