Келісімге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) сапары кезінде қол қойылды.
Құжатқа сәйкес тараптар Каспий теңізіндегі мұнай-газ жобаларына теңіз қызметтерін көрсету үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында бірлескен кәсіпорын ашады. Бірлескен кәсіпорынды «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС және International Maritime Investments Ltd еншілес ұйымдары арқылы басқаруға ниетті.
Келісім бойынша тараптар Каспий теңізіндегі оффшор жобаларына қолдау көрсететін флот (суға таяз шөгетін кеме түрлері), сондай-ақ қазақстандық мұнай экспортының баламалы бағыттарын (Ақтау порты арқылы Әзербайжан бағытына қарай) ескере отырып, танкерлік флот құратын болады.
Бұдан бөлек, бірлескен кәсіпорын қатысушылары сауда флотын ашу мүмкіндіктерін зерттейді: контейнерлік паромдарды (Транскаспий бағыты бойынша Еуропаға Қытай арқылы транзит) және «Солтүстік-Оңтүстік» (РФ-Иран) бағыты бойынша оралған тауарды тасымалдау үшін құрғақ жүктерге арналған кемелерді салу/сатып алу.
«Қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы келісім компаниялар арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға елеулі үлес қосады. Осы келісім аясында бірлескен кәсіпорын құрылады. Ол биылдан бастап Қазақстанның инвестициялық жобаларына тартылатын болады. Біз Abu Dhabi Ports тәжірибесін Қазақстанның теңіздегі мұнай-газ кен орындарын игеру және көлік-логистикалық жобаларын іске асыру барысында тиімді пайдаланамыз деп ойлаймыз», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.