К 30-летию Независимости Казахстана | 09 маусым 08:13

ҚМГ мен Air Liquide бірлескен жобасы Павлодар зауытында қысқы дизель отынын өндіруге мүмкіндік береді

Астана халықаралық форумы 2023 барысында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС мен «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС арасында  сутегі өндіретін қондырғы салу туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Францияның «Air Liquide» химия компаниясының президенті Франсуа Жаковтың кездесуі қорытындысы бойынша қол қойылды.

«Біз әлемдегі өнеркәсіп, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау саласы үшін газ өндіретін көшбасшы компания «Air Liquide»-пен  серіктестікті жоғары бағалаймыз. Біздің үш зауытта – ПМХЗ, АМӨЗ және KPI-да 5 жобаны бірлесіп табысты іске асыруымыз осының дәлелі бола алады. Сутегі мен азотты жеткізуге 20 жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды», - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

ПМХЗ мен бірлескен ЭЛМТГ компанияларының арасындағы бұл келісім зауытта жылына 160 мың тоннаға дейін көлемде қысқы дизель отынын өндіруге мүмкіндік беретін сутегі өндірісінің жаңа қондырғысын салу жобасына бастама береді. Болжам бойынша жоба құны – 80 миллион еуро.

 

ҚМГ мен «Air Liquide Eastern Europe S.A.» арасында ынтымақтастық туралы келісімге былтыр қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары кезінде француз іскер топтарының өкілдерімен кездесу барысында қол қойылды.