Жаңаөзенде «ҚазМұнайГаз» бен италиялық Eni компаниясы бірлесіп жүзеге асырып жатқан гибридті электр станцияның құрылысы жалғасуда.
Жалпы қуаты 247 МВт болатын жоба электр энергиясын өндірудің үш көзін біріктіреді:
күн электр станциясы – 50 МВт; жел электр станциясы – 77 МВт; газ электр станциясы – 120 МВт.Бұл – Қазақстандағы алғашқы осындай гибридті энергетикалық кешен. Қазіргі уақытта газ электр станциясының құрылысы жалғасып жатыр. Алаңда Wartsila компаниясы өндірген алты газ-поршеньді агрегаттың барлығы орнатылып, машина залының ғимараты салынды. Алаң ішінде инженерлік желілерді тарту, негізгі жабдықтарды қосу және технологиялық байлау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 110 кВ қосалқы станцияның құрылысы аяқталуға жақын, іске қосу-баптау жұмыстары басталды.
Жел электр станциясы алаңында құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жел турбиналарының құрамдас бөліктері дайындалып жатыр. Ал күн электр станциясы 2025 жылы қыркүйекте пайдалануға берілді.
Іске қосылғаннан бері ол 50 млн кВт·сағаттан астам электр энергиясын өндіріп, өңірдегі күн энергетикасының тиімділігін дәлелдеді. Жалпы станция жыл сайын шамамен 86 млн кВт·сағат экологиялық таза электр энергиясын өндірмек. Нысан құрылысына 1000-нан астам адам жұмылдырылған. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін 70-ке дейін жаңа жұмыс орны ашылады.