Келісімшартқа қол қою рәсіміне «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және Chevron корпорациясының Еуразиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры Джон Балтц қатысты.
Еске сала кетейік, егемен еліміздің ең ірі жобалардың бірі болып табылатын зауыттың құрылысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен басталған болатын. Қазіргі уақытта зауыт 90%-ға дайын. Үстіміздегі жылдың соңына дейін құрылыс аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қол қойылған құжатқа сәйкес «Теңізшевройл» ЖШС полипропилен өндіретін зауытқа шикізат жеткізіп тұрады. Оның көлемі жыл сайын 550 мың тонна пропан фракциясын құрайды. Ал газ жеткізу теміржол арқылы жүзеге асырылады. Зауытта шикізат пропанды сутексіздендіру қондырғысында пропилен шығара отырып өңделеді, одан кейін полимеризациялау қондырғысында дайын өнім – түйіршіктелген полипропилен алынады.
«Теңіз кен орнынан пропан алу – бұл ел экономикасы үшін маңызды жобаны іске асырудың басты мәселесі. Биылдың өзінде салынып жатқан газ-химиялық кешен шикізаттың алғашқы партиясын қабылдап алады. Заманауи зауыттың құрылысы аяқталуға жақын қалды. 2022 жылдың бірінші тоқсанында біз іске қосу мен реттеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. ҚМГ және ТШО компаниялары он жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеді. Бүгін қол қойылған құжат ұзақ мерзімді әрі тұрақты серіктестігімізді одан әрі жалғастыратынымыздың айқын дәлелі болып табылады», – деп атап өтті Алик Айдарбаев.
Теңізшевройлдың бас директоры Кевин Лайон: «Бұл Қазақстан мұнай-химия саласын қолдау жөніндегі біздің бірлескен күш-жігерімізді нығайтуға қызмет ететін ТШО мен ҚМГ арасындағы серіктестіктің маңызды кезеңі. Біз, тшолықтар, Қазақстанның мұнай-химия саласының болашағына сеніммен қараймыз. Елдің өндірістік және экономикалық дамуына одан әрі ықпал ететін жобалар бойынша Энергетика министрлігімен және ҚМГ-мен тығыз ынтымақтастықта жұмысымызды жалғастыратын боламыз», – деді.
Полипропилен өндіретін зауыт Қазақстандағы толығымен цифрланған алғашқы кәсіпорын болуға тиісті. Бұл зауыттағы барлық процесті Атырау қаласынан қашықтықтан басқаруға мүмкіндік береді. Барлық физикалық жұмысты роботтар атқарады, ал процесті «ақылды» цифрлық бейнебақылау арқылы операторлар басқаратын болады.
Бұған қоса кәсіпорында су үнемдеу технологияларының пайдаланылатынын атап өткен жөн. Зауытта суды салқындатудың тұйық циклы қолдынылады. Яғни, барлық ағын су тазартудан өтіп, зауытқа тұзсыздандырылған, минералсыздандырылған, өртке қарсы пайдаланылатын су түрінде қайтарылады. Бұл жалпы суды пайдалану көлемін едәуір азайтады.