Бүгін Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы және ҚМГ-ның еншілес компаниясы — «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) өкілдері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу шарасына қатысты. Көшеттер «Өзенмұнайгаз саябағы» аумағына егілді.
Саябаққа жергілікті климатқа бейімделген, құрғақшылыққа төзімді ағаш түрлері — акация, айлант және жапон софорасы отырғызылды. ӨМГ паркі қалалық стелла ауданында орналасқан, оның аумағы 1,7 гектарды құрайды. 2025 жылы мұнда 150 ағаш егілсе, 2026 жылдың соңына дейін қосымша 1000-нан астам көшет егу жоспарланып отыр.