«KMG PetroChem» ЖШС Атырау облысында негізгі жобаларды — бірінші интеграцияланған газ-химия кешенін (ГСК) салуды және бірыңғай торапта магистральдық құбырларды (этан, пропан) салуды жүзеге асырады. Олар еліміздің мұнай-газ химиясы кластерінің негізін құрайды және сонымен бірге өңір үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Құрылыс кезеңінде 3500-ден астам уақытша жұмыс орны жоспарлануда. Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, KMG PetroChem, CCIC мердігері және Атырау облысының әкімдігі арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылған болатын. Құжат тараптарды, оның ішінде жұмыс күшін оқшаулау мәселелері бойынша үйлестіру тетігін бекітеді: жобаға тартылатын қызметкерлердің кемінде 90%-ын Атырау облысының тұрғындары құрауы тиіс.
Жылыой ауданының мансап орталығы, KMG PetroChem және CCIC арасындағы осы уағдаластықтардың жалғасы ретінде жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру алгоритмі бекітілді. Ол Жылыой ауданының және бүкіл облыстың тұрғындарына басымдық бере отырып, персоналды іріктеу және жұмысқа қабылдау тәртібін айқындайды.
Осы жұмыстың барысы KMG Petrochem Басқарма төрағасы Диаз Дияновтың Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановпен кездесуінде талқыланды. Бүгінгі таңда алаңға 600-ден астам адам жұмылдырылды, оның 70%-дан астамы – Атырау облысының тұрғындары, соның ішінде Жылыой ауданының мамандары.
Тараптар осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ МҚ жобасына персоналды жалдау жөніндегі ұқсас алгоритмге қол қою мүмкіндігін қарауға уағдаласты. Бұдан басқа, кездесуде компанияның экологиялық бастамалары қарастырылды. Іс-шаралар әкімдіктермен меморандумдарға сәйкес және «Таза Қазақстан» республикалық акциясын қолдау мақсатында жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында Құлсары қаласын, сондай-ақ Қосшағыл және Майкөмген ауылдарын көгалдандыру жоспарланып отыр. Компанияның жобалары мұнай-газ химиясын дамытуға ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындарын құруға, жергілікті мамандарды қолдауға және аймақтағы өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.