К 30-летию Независимости Казахстана | 12 тамыз 13:01

ҚМГ спартакиадасы: ҚБМ қоржынында алғашқы медаль

«Қаражанбасмұнай» АҚ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ спартакиадасын күміс жүлдемен бастады.

Биыл Павлодарда басталған дәстүрлі дода Қазақстан мұнайының 125 жылдығына және Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр. Ауқымды шараның ашылу салтанатында ҚМГ аппарат басшысы Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ашылу салтанатынан соң ұлттық ойын арқан тарту сайысы басталды. Қаражанбас намысын қорғаған команда алдымен «ҚазТрансОйл», кейін «Oil Service Company», одан соң «ҚазГерМұнай» командаларымен кездесіп, басым түсті. Жанкүйерлер қошеметіне бөленген ҚБМ құрамасы ақтық сында «ӨзенМұнайГазға» есе жіберді. Осылайша қаражанбастықтар алғашқы жарыстан ІІ орын алып, күміс жүлдені қанжығаға байлады.

 

Айта кетейік, спартакиада әйелдер мен ерлер арасында спорттың 11 түрі бойынша өтеді. Жарыста ҚМГ компаниялар тобының 27 мекемесінен 600-ден астам қатысушы өз компанияларының намысын қорғайды.