32 жастағы К.Келесбаев еңбек жолын Маңғыстау политехникалық колледжін бітіргеннен кейін, 2014 жылы зауыттың тауар-шикізат цехында бастаған. Жұмыс істей жүріп Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша сырттай оқып, білімін жетілдірді. Ол Ақтау битум зауытында алғашқы кәсіби тәжірибе алды. Тауар операторы резервуарлардың құрылымы мен орналасуын, сондай-ақ мұнай өнімдерімен байланысты барлық процесті білуі тиіс.
Оның міндеттері — технологиялық қайта айдау жұмыстарын жүргізу үшін құбырлар сұлбасын құру, технологиялық тексерулерді жүргізу, шикізаттың тиелуін бақылау, резервуарлар мен цистерналардағы мұнай өнімдерін өлшеу және сынама алу. Көбейсін биыл зауыттың «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауында бірінші орынға ие болып, «Үздік тауар операторы» атағын жеңіп алды.
— Біздің жұмысымыз күрделі және жауапты. Бірақ мен бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін, әрі өмірімдегі дұрыс шешімдердің бірі болды деп есептеймін. Осы жерде жүріп, жұмыстарға тиянақты қарауды үйрендім. Тауар операторы жіберген бір ғана қателік, мысалы, өнімдерді араластырып жіберу — бүкіл зауыт жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін. Еңбек жолын енді бастайтын жастарға қиыншылықтардан қорықпай, жұмысшы мамандықты таңдауға кеңес беремін, — дейді К.Келесбаев.Біз әрбір қызметкердің адал еңбегін қадірлейміз, олардың маңдай терін мақтан етеміз.