К 30-летию Независимости Казахстана | 15 қараша 08:30

«Көк тудың желбірегені». Мұнайшылар өлең авторымен кездесті

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайшылары белгілі ақын, мәдениет қайраткері, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмас Ахметбекұлымен кездесті.

Аталмыш туынды еліміздің барлық азаматы үшін патриоттық әнұранға айналған. Алмас Ахметбекұлы мұнайшыларға әннің шығу тарихы туралы айтып берді.

 

«Мен Шыңжаңда шекарадан 37 шақырым жерде дүниеге келдім. Тәуелсіздік алғаннан кейін, туған жеріме қайтып келе жатып, көк туымызды алғаш көрген сәтім есімде. Көк аспанымызда желбіреп тұрған туды көргенде, жүрегім елжіреп кетті. Мен бұл сезімім мен ойымды қағаз бетіне түсірдім. Осылайша 1993 жылдың 22 ақпанында «Көк тудың желбірегені» әні жазылды», – деді Алмас Ахметбекұлы.

Сондай-ақ, Алмас Ахметбекұлы жас мұнайшыларды ел игілігі үшін еңбек етуге және Отанды сүюге шақырып, патриоттық әндер орындады. Ал қаражанбастықтар ақынға әдемі ән мен әсерлі әңгіме үшін алғыс айтып, шапан жапты.