К 30-летию Независимости Казахстана | 04 қазан 17:45

Көлік министрі Марат Қарабаев ел шығысындағы жаңа теміржол жобалары жайлы айтты

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев ел шығысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Семей қаласында жергілікті тұрғындармен, көлік саласы қызметкерлерімен кездескен сала басшысы еліміздің көлік инфрақұрылымы бойынша қолға алынып жатқан жобалармен таныстырды.

Министрмен өткен басқосуға Семей ЖТ бөлімшесінің басшылығы, станциялар мен бөлімдер басшылары да қатысты. Өз сөзінде Марат Кәрімжанұлы республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен қазіргі жай-күйі, шығыстағы теміржол саласындағы қолға алынған жаңа жобалар туралы әңгімеледі.  

Министр қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан Жаңғызтөбе станциясы аумағында темір жол арқылы өтетін жол өтпесін салу жұмыстары министрлік назарында тұрғанын айтты. Сонымен қатар Семей теміржолы үшін вагон тапшылығын болдырмау мәселесі де кеңінен сөз болды. Бұл орайда министр аталмыш тарапта қолға алынған жұмыстар бар екенін жеткізіп, алдағы уақыттарда ел шығысы бойынша жүк тасымалын қамтамасыз ету үшін жергілікті вагон паркін жаңарту іс-шараларына да баса назар аударылып отырғанын айтып өтті.  

Сол тәрізді министр Семей шетінен салынатын айналма жол жобасы туралы да пікір білдіріп, келер жылы Бақты – Аягөз теміржолының құрылысы себепті жүктеме еселейтінін жеткізді. 60 шақырымдық айналма жол 2027 жылы қолға алынбақ. Сондай-ақ шығыстағы облыс тұрғындары үшін жағымды жаңалық, Қазақстанда тағы бір халықаралық теміржол қатынасын іске қосатынын жеткізді. Атап айтсақ, Қазақстанның Көлік министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі «Риддер-Новосибирск» халықаралық теміржол қатынасын қалпына келтіру туралы келісімге келген.

 

Жаңа бағыт бойынша пойыздар биылғы 18 желтоқсаннан бастап төрт күнде бір рет жүре бастайды. «Ресей темір жолдары» АҚ қызмет көрсететін №407/408 халықаралық пойызы 250 жолаушыға арналған 6 вагоннан, 3 купе мен 3 плацкарт вагоннан тұрады. Пойыз ауаны баптау және бейнебақылау жүйелерімен, биоәжетхана кешендерімен, розеткалармен, мобильді құрылғыларды, гаджеттерді қуаттауға арналған USB порттарымен және әр орынның жанында жеке жарықтандырумен жабдықталады.  

Шығыстағы автокөлік жолдарының жай-күйі де кеңінен сөз болды. Министр жалпы ұзындығы 768 шақырымды құрайтын «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тасжолының құрылысы биыл аяқталатынын жеткізді. Қазір көпірлер мен жол өтпелеріндегі құрылыс жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың соңына дейін Шығыстағы ірі өнеркәсіп орталықтары мен туристік нысандарға апаратын 400 шақырым жол қалпына келтірілмек.  

– Мемлекет басшысы республика бойынша кемінде 10 мың шақырым жолды қамту үшін орташа жөндеу бағдарламасын кеңейтуді тапсырды. Сапа – басты басымдық. Барлық өңірлерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін жолдар анықталды. Мысалы, Алтайға, Шемонаихаға, Серебрянскқа апаратын жолдар жөнделеді. Сондай-ақ Марқакөл, Рахманов бұлағы және Катонқарағай туристік нысандарына апаратын жолдар да жөндеуден өтеді, – деді министр.