К 30-летию Независимости Казахстана | 28 ақпан 08:33

Көлік саласында барлық бағыт бойынша оң динамика байқалады

Министр Марат Қарабаев ұсынған ақпаратқа сәйкес 2023 жылдың қорытындысы бойынша көлік саласындағы нақты көлем индексі 106,9% құрады. Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүктердің көлемі 21%-ға ұлғайып, 32,3 млн тоннаға жетті. Барлық бағыт бойынша оң динамика байқалады.

Теміржол көлігі саласында жүктерді тасымалдау көлемі 3%-ға, яғни 297 млн тоннаға дейін артты. Экспорттық, импорттық және транзиттік бағыттар бойынша да  өсім байқалады. Республика ішіндегі бағыттар бойынша 164,1 млн тонна (-0,6%), экспорттық бағыттарда – 85,6 млн тонна (+9%), импорттық бағыттарда – 20,2 млн тонна (+10%), транзиттік бағыттарда – 27,4 млн тонна (+18%) жүк тасымалданған. Жылжымалы құрамды жаңарту бойынша: өткен жылы 113 локомотив, 275 жүк вагоны және 118 жолаушылар вагоны сатып алынған. Сонымен қатар 1 443 км магистральдық желіде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Су көлігі саласында өткен жылы теңіз порттары арқылы тасымалдау көлемі 7,2 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 11%-ға артық. Жүктердің құрылымында Еуропалық елдер бағытында қазақстандық компаниялардың экспорттық тасымалдары басым.

Теңіз порттарында терминалдық қуаттар қарқынмен дамып келеді. Мәселен, Құрық портында жеке инвестициялардың қатысуымен өткен жылы қуаттылығы 1 млн тонна жаңа астық терминалы салынды. Жобалар Abu Dhabi Ports компаниясымен кооперацияда жүзеге асырылды.

Инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз ету мақсатында Ақтау және Құрық порттары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізілді.

Сондай-ақ сингапурлық PSA International компаниясымен бірлесіп Транскаспий халықаралық көлік маршрутының қазақстандық учаскесін пилоттық цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзербайжан мен Грузияның көлік жүйелерімен Интеграция 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады.

Бүгінгі таңда көзделген басты міндет Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту шеңберінде Қазақстанды халықаралық транзиттік елге айналдыру болып табылады. Өткен жылмен салыстырғанда осы дәліз бойынша тасымалдау көлемі 65%-ға өсіп, 2,8 млн тоннаны құраған (2022 ж. – 1,7 млн тонна). Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша қазақстандық өнімнің экспорты 2,5 есеге артты.

Экспортпен қатар импорттық жүк ағынының да өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде еуропалық компаниялардың аталған халықаралық маршрутқа деген қызығушылығын көрсетеді. Жалпы көрші мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және компанияларымен ТХКМ-на экспортты тарту бойынша, оның ішінде осы тасымалдарға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.