Бағдарлама бес жылдық кезеңге есептелген және энергияны көп қажет ететін салаларды дамытуға, сондай-ақ есептеу қуаттарына өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге берік негіз қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында қаржыландырудың бес тетігін қолдану арқылы кемінде 7,5 трлн теңге көлемінде тек бюджеттен тыс инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде «Қазақстанның Даму банкі» АҚ, халықаралық қаржы ұйымдары, екінші деңгейдегі банктер және «Бәйтерек» холдингінің даму институттары арқылы кредит беру тетіктері қарастырылған. Ұлттық жобаны жүзеге асырудың негізгі міндеттері – энергия өндіруші жаңа нысандарды салу, қолданыстағы энергетикалық нысандарды жаңғырту, саладағы кадрлық әлеуеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты әрі қолжетімді қаржыландыру тетігін қалыптастыру, сондай-ақ көмірмен істейтін энергетика үшін ұзақмерзімді және теңгерімді отын-логистика жүйесін құру.
Жоба аясында сегіз жаңа энергия көзін салу және қолданыстағы 11 энергия көзін жаңғырту қарастырылған. Атап айтқанда, Көкшетауда (240 МВт), Семейде (360 МВт), Өскеменде (360 МВт), Жезқазғанда (500 МВт) жылу электр орталықтарын, Қарағандыда (180 МВт) және Екібастұзда (350 МВт) жылу электр стансаларын, сондай-ақ Курчатовта (700 МВт) және Екібастұзда (2 640 МВт) конденсациялық электр стансаларын салу жоспарланған. Жекелеген жобаларды жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті. Көкшетауда электр энергиясы бойынша қуаты 240 МВт және жылу қуаты 520 Гкал/сағ болатын жаңа ЖЭО салынып жатыр. Ол қаланың жылу энергиясына өсіп келе жатқан қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Семейде 2026 жылғы сәуірде ЖЭО-3 құрылысы басталды. Бұл жоба жылу энергиясының қазіргі тапшылығын, оның ішінде қаланың оң жағалау бөлігіндегі тапшылықты жоюға және шамамен 320 мың тұрғынды жылумен сенімді жабдықтауды арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Көкшетау мен Семейдегі жаңа жылу көздері екі қаладағы шамамен 500 мың тұрғынды айтарлықтай сенімді жылумен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, 2025-2026 жылдары жаңадан пайдалануға берілетін генерация қондырғыларын салу бойынша өткізілген тендер нәтижесінде Екібастұз қаласында,ы ГРЭС-3 құрылысының жобасын, Курчатов қаласындағы ГРЭС құрылысының жобасын жүзеге асырушылар айқындалды. Қазіргі уақытта жобалар бойынша құрылысты бастауға қажетті техникалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қолданыстағы энергия көздерін жаңғырту көзделген. Жаңғырту жұмыстары «Ақсу» ГРЭС-ін, Екібастұз ГРЭС-2-ні, сондай-ақ Шахтинск, Топар, Қарағанды қалаларындағы стансаларды және бірқатар басқа нысанды қамтиды. Екібастұз ГРЭС-2-де әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын №3 және №4 энергоблоктарды салу жоспарланған (қазіргі уақытта энергоблоктарды тиісінше 2028 және 2030 жылдардан кешіктірмей пайдалануға беруді көздейтін инвестициялық келісімдер жасалды). Озық технологияларды енгізу жабдықтардың тозуын айтарлықтай азайтуға, экологиялық шығарындыларды төмендетуге және саланың тұрақты кадрлық әрі отын базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, Үкіметтің ұлттық жобаларды кешенді түрде жүзеге асыруы инфрақұрылымдық және әлеуметтік саланың жаңаруын қамтамасыз етеді. Қазақстан өңірлерінде денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жүздеген нысанды пайдалануға беру, коммуналдық желілерді жаңарту, энергетика саласына бюджеттен тыс инвестициялар тарту және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, энергетикалық және цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға және экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз етуге берік негіз қалыптастырады.
Көмір генерациясын дамыту: жаңа нысандарды іске қосу және қолданыстағы стансаларды жаңғырту