К 30-летию Независимости Казахстана | 26 тамыз 16:31

Көмір тасымалына тәулік бойы мониторинг жүргізіледі

2024-2025 жылдарға жылу маусымына дайындық кезеңінде ҚТЖ желісі бойынша осы жылдың мамыр айынан бастап 17 млн тонна тас көмір тасымалданған.  Оның ішінде 16 млн тонна қатты отын елдің жылу электр орталықтарына және 1 млн тоннасы тұрғындарға жеткізілген.  

Астанада Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте  «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Интеграцияланған жоспарлау дирекциясы» филиалы директорының орынбасары Ғани Есенбаев осындай деректер келтірді. Оның айтуынша, жылу беру маусымының тұрақты өтуі үшін ҚТЖ көмір тасымалдау бойынша Жол картасын орындайды. Құжатқа жедел штабтың, мониторингтік топтардың жұмысы жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ негізгі көмір тұйықтарына барып жағдаймен танысу және мүдделі мемлекеттік органдар, көмір разрездері өкілдерінің қатысуымен кеңестер өткізу енгізілген.

 «Коммуналдық-тұрмыстық көмір жеткізілімі өңірлерге бөлінген. Біз былтырғыдай ұйымдастырылған маршруттармен жөнелтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағында тас көмір алуға дайын 336 кірме жол іске қосылды. Жылу маусымына дайынбыз», – деді спикер.  

ҚТЖ-да көмір тасымалдауды үйлестіру жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді, оған орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелердің 60-тан астам қызметкері жұмылдырылған. Штаб тәулік бойы әрбір көмір кен орындарынан Қазақстанның барлық облыстарына және елдің жылу электр орталықтарына көмірді тиеп жөнелтуге мониторинг жүргізеді. Жедел режимде реттеу шешімдерін қабылдайды және бос вагондарды жіберу мен тиеуді шұғыл әрі орта мерзімді жоспарлауды қамтамасыз етеді.  

Ұлттық компания «Қаражыра» АҚ, «Майкубен Вест» АҚ, «Шұбаркөл Көмір», «Қазақмыс» АҚ көмір разрездерінің өкілдерімен  кеңестер өткізіп,  алдағы жылыту маусымының өтуі, көмір тасымалдарының біркелкілігі және тасымалдарды маршруттауды ұйымдастыру мәселелерін талқылады. 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде көмір тасымалдауға «Қазтеміртранс» АҚ-ның 20 мыңға жуық жартылай вагоны тартылатын болады.

Сонымен қатар ҚТЖ ЖЭО қоймаларында көмірді, қатты отын қорының қалдықтарын тасымалдауды қамтамасыз ету мониторингі бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді, сондай-ақ жүк жөнелтушілердің өтінімдерін қамтамасыз етуді және вагондар айналымының орындалуын бақылайды. Көмір тасымалы мониторингінің интерактивті жүйесі (дашборд) енгізілді.

Жылу беру маусымында көмірді тұтыну көлемі шамамен 8,6 млн тоннаны құрайды. Оның 2,3 млн тоннасы өнеркәсіптік кәсіпорындарға және 6,3 млн тоннасы халыққа тиесілі. ҚТЖ деректері бойынша 21 тамыздағы жағдай бойынша 1 млн тоннадан астам көмір жеткізілген, өңірлер бойынша қатты отынмен қамтамасыз ету жылдық жоспардың 13%-ын құрайды.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"