К 30-летию Независимости Казахстана | 10 сентября 14:54

Конго – Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі

Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Конго Демократиялық Республикасы Президентінің елімізге алғашқы сапарын тарихи сәт ретінде атап өтіп, оның Астанаға үлкен делегациямен келуін қазақ халқына көрсеткен зор құрмет деп бағалады.

– Дипломатиялық қатынастардың орнағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан өзара сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастық дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер Астана мен Киншаса арасындағы байланысты жаңа белеске көтереді, тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді. Конго Демократиялық Республикасы – Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттар өзара тиімді ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар серіктестіктің қарқынын өз деңгейінде сақтау үшін екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты әрі іскерлік байланысты жандандыруға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты күн тәртібінің басым бағыты болуы керек. Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының табиғи ресурстарға бай әрі экономикалық мүмкіндігі мол екеніне назар аударып, екі ел өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алатынын жеткізді.