«Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайшылары қоршаған ортаны қорғау және қамқорлық жасау қағидатын ұстана отырып, кен орнын көгалдандыруға кірісті. ҚБМ Бас директорының бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев бастаған жұмысшылар, цех басшылары және кеңсе қызметкерлері қолына күрек алып, вахталық кентті абаттандыруға атсалысты. Қаражанбастықтар 300-ден астам жеміс ағашын отырғызды.
Көктемнің басы – көгалдандыру үшін ең жайлы уақыт, дейді экологтар. Бұл кезде жас көшеттер тез тамыр жайып, бой тіктейді. Мұнайшылар алма, айлант, үйеңкі мен шаған ағаштарын отырғызды. Енді олар дәстүр бойынша үнемі күтім жасап, суарып тұрады. Бұл ҚБМ-ның экологиялық жобалары аясындағы ауқымды және жоспарлы жұмысының маңызды бөлігі.
«Біз осы құндылықтарды ұстана отырып, кен орнын абаттандыру мен көгалдандыру ортақ міндетіміз деп санаймыз. Өткен жылы отырғызылған сирек кездесетін павлония мен жеміс ағаштары сәтті тамыр жайып, гүлдеді. Біз биыл да көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруға ниеттіміз», – деп атап өтті ҚБМ басшылығы.
Игі шара он екі айдың сұлтаны – Рамазанмен тұспа-тұс келіп отыр. Халық даналығында «бір адам ағаш отырғызса мың адамға сая болады» деген сөз бар. Сондықтан көшет отырғызу – сауапты іс саналады. Шарадан соң мұнайшылар жұмысшылардың бас амандығы мен өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтасын деген ниетте құрбандық шалып, кен орны асханаларында ауызашар-садақа жасады. Ораза ұстаған жұмысшылар қасиетті айда бір-біріне ізгі тілегін білдіріп, құран бағыштады.