К 30-летию Независимости Казахстана | 19 наурыз 19:26

ҚР Президенті өкілеттілігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді

Бүгін Қазақстан халқына үндеуінде Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтататынын мәлімдеп, келесі сайлауға дейін Президенттік міндетті атқаруды ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктеді. Тиісті рәсім ертең сағ. 12.00-де жүргізілетін болады. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілін тоқтататынын хабарлай отыра, республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде қазақстандықтарға Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай білуге шақырды деп жазады Егемен Қазақстан.

«Біз 90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық. Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған  жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар – тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары. Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін. Еліміздің тарихында алғаш рет өз елордамызды тұрғыздық. Астана – барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің жарқын көрінісі», - дейді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты адам.