К 30-летию Независимости Казахстана | 27 қыркүйек 16:11

ҚТЖ: Ақтөбе бөлімшесі 800-ден аса вагон көмір тасымалдады

Биылғы жылу маусымына дайындық басталғалы Ақтөбе бөлімшесі аумағындағы станцияларға 800-ден аса вагон көмір тасымалданған. Нәтижесінде станциялар мен кірме жолдарға 60 мың тоннаға жуық қатты отын жеткізілген.   

Коммуналдық тұрмыстық көмірді жөнелту, жеткізу жұмыстары жоспарға сай ұйымдастырылып отыр. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру және логистика бөлімінің инженері Лаура Әлжанованың айтуынша, биылғы жылдың 8 айында Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі  аумағында 59 840 тонна, яғни 848 вагон көмір тасымалданды. Оның ішінде 249 вагон коммуналдық, 433 вагон өндірістік, 98 автокөлік шаруашылық және 68 вагон теміржол ұйымдары үшін көмір жеткізілді.  

2024-2025 жылдарға арналған жылу маусымына дайындық жұмыстары әдеттегідей мамыр айында басталды. Жіңішке, Шалқар, Мәртөк, Әйтеке би, Ақтөбе, Қарауылкелді және Қандыағаш станцияларындағы кірме жолдарда коммуналдық және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмір түсіру жұмыстары содан бері үздіксіз жүргізілуде.    

Жоспар бойынша бюджеттік ұйымдар үшін тамыз айына дейін 4 952,3 тонна көмір жеткізілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 3 480 тоннаны құраған болатын.  

«Бөлімше тарапынан облыс әкімдігімен бірлесіп көмір тасымалына   күнделікті есепке алу жүргізіледі. Жүкті қабылдаушылармен және кірме жолдардың иелерімен тәулік бойы жұмыс істеу мәселелері пысықталып отыр», – деді Лаура Әлжанова.  

Ардақ Ерубаева

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"