«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» сынды компаниялар және «Қазатомпром», Halyk bank, т.б. ірі жұмыс берушілер қатысқан шараға 3 мыңға жуық адам келді деп хабарлайды ұйымдастырушылар.
«Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған іс-шараға партия төрағасы Ерлан Қошанов, Еңбек және әлеуметік қорғау министрі Светлана Жақыпова, тағы басқа шенеуніктер қатысты.
Қошановтың айтуынша, «Жастарға жұмыс» партиялық жоба аясында осымен екінші жыл тек елорда емес, барлық аймақтарда өтіп, жақсы нәтиже көрсетіп отырған бұл шараның мақсаты – жастарға, кеше ғана оқу бітірген жас мамандарға қолдау жасау, олардың еңбек нарығында өз орнын табуына көмектесу болмақ. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін 2,3 млн жас маманды жұмыспен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр» деді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының кадр қызметкерлерінің айтуынша, жәрмеңкеге келушілер арасында ҚТЖ «офисіне» бас сұққандар қатары аз болмады. 73 адам резюме-түйіндеме тапсырып, бірқатары сайтқа бағыттаған. Олардың дені теміржол мамандарын дайындайтын кәсіптік оқу орындарының түлектері. Сонымен қатар экономистер мен заңгерлер, информатика, акпараттық технология, т.б. сала мамандары да бар. Кадр қызметкерлері ҚТЖ-дан жұмыс табуға ниетті жастарды жұмыс беруші тараптан вакансиялар орналастырып, үміткерлерді іріктейтін сайтпен таныстырып, онда қалай тіркеліп, түйіндемелерін орналастыру жолын түсіндірді.
Райхан Рахметова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"