Жалпы биылғы жылғы шағын футбол ойындары Шаған станциясында басталып, шалғайдағы Белағаш станциясында қорытындыланды. Бұл жолғы сайысқа барлығы үш команда, атап айтсақ жол саласының ардагерлері, ПЧ-39 жолшылары және Белағаш станциясының теміржолшылары қатысып, өзара шеберлік сынасты.
Жарыс алдында «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов сөйлеп, сәттілік тіледі.
Бұл күні ауа райы да қолайлы болды. Ойын барысы өте қызықты әрі тартысты өтті. Ардагер жолшылар жас футболшылармен бірдей ойнап, жоғарғы деңгейдегі ойын көрсетті. Шиеленісті сәттер де көп болды. Әйтсе де, түрлі сайыстарда топ жарып жүрген жолшылар қауымы әдіс-тәсілдерінің мол екенін дәлелдеді.
Осылайша, ақтық нәтиже бойынша 1-орынды ПЧ-39 командасы, 2-орынды Белағаш станциясының теміржолшылары, ал жүлделі 3-орынды «ҚТЖ ардагерлері» командасы иеленді. Ойынға қатысқандардың барлығы арнайы дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш Қожаев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"