К 30-летию Независимости Казахстана | 26 тамыз 14:14

ҚТЖ: «Бейбітшілік» аралына қатынайтын теміржол қолданысқа дайын

Семейдегі жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары жиі баратын, әйгілі демалыс аймағы саналатын Ертіс ортасындағы «Бейбітшілік» аралына қатынайтын теміржол қолданысқа толықтай дайын. Өткен жылдың күзінде басталған жаңа құрылыс үзіліссіз жүргізіліп, небары бір жаздың ішінде аяқталып отыр.

Бұрынғы балалар теміржолының негізінде салынып, қаланың кішкентай тұрғындары мен қонақтары үшін таптырмас демалыс орны болатын теміржол тармағы таяу күндері іске қосылмақ. Бүгінде заманауи пойыз жеткізіліп, вагондар пайдалануға дайын.  

Дәл қазіргі таңда теміржол тесттік тексеруден өтуде. Мердігер компания өкілдері өткен жұма күні алғашқы жылжымалы құрамды жолға шығарып, арал ішіндегі төселген рельстермен жүріп өтті. Мердігер компания басшысы Геннадий Пьяновтың айтуынша, пойыз қолданысқа дайын тұр. Тексерулер көрсеткендей, ешқандай кінәрат анықталған жоқ. Жаңа желі осы аралдағы байырғы балалар теміржолының ізі бойынша қайтадан салынғандықтан жер рельефі бұзылмаған.  Қажетті вагондар мен арнайы тепловоз Ресейдің Удмуртия өлкесінен жеткізіліп, осында құрастырылған. Әзірге үш вагон мен бір тепловоз келіп, қанатқақты жоба бойынша қолданысқа берілмек.  

Сондай-ақ бүгінде құрылыс жұмыстарының ең соңғы кезеңдері жүріп жатыр. Яғни жолаушылардың жүріп-тұруына қолайлы болу үшін арнайы перрон төселуде. Барлық жұмысы біткен соң мердігерлер аталған құрылысты облыстық әкімдік қарамағына өткізеді. Осыдан соң ғана жылжымалы құрам өзінің алғашқы жолаушыларын қабылдамақ. Қазірдің өзінде қалалықтар бұл пойыздың әне-міне іске қосылуын асыға күтіп жүр.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа желі өзін толық ақтайды. Біріншіден, тұмса табиғаты бар аралдың экологиялық ахуалын жақсартуға септігін тигізсе, екіншіден аралдағы жолаушы тасымалы мәселесін шешуге де көмектеседі.  

Болашақта аталған теміржолдың қолданыс аясын кеңейтіп, қосымша бекеттер салу да күн тақырыбында тұр.