Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар арасынан компания қызметінің тиімділігін арттыруға арналған 11 жобаға арнайы стенд жасалып, оны жоба авторлары форум ашылар алдында ҚТЖ басшыларына таныстырды. Мәжіліс залында форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбек қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов ҚТЖ жастарының жетістігін жоғары бағалады.
"Жалпы «Самұрық-Қазына» АҚ тобында 80 мыңнан астам жастар жұмыс істейді. Соның ішінде «Қазақстан темір жолы» компаниясында 35 мыңнан астам жас маман еңбек етуде. Компанияда жастар саясаты 2010 жылдан бастап жүзеге асырылады. Жас мамандар әртүрлі бағыттарда өз ойларын іске асырып, жұмыс тиімділігін арттыруда жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Мәселен, «ҚТЖ-100 жас есім» жобасы бойынша 66 жас маман қызметте көтерілді. 21 жас компанияның ішкі жаттықтырушыларына айналды. Корпоративтік волонтерлік бойынша 2020 жылдан бастап ҚТЖ жастары 5 мыңнан астам акциялар мен іс-шараларды өткізді", – деді Ғибрат Ауғанов.
Жастар құрылтайының ашылуымен құттықтап сәттілік тілеген «ҚТЖ» ҰК» АҚ Аппарат басшысы Серік Кеулімжаевтың айтуынша, ұлттық компания жас буынды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды алдағы уақытта да жалғастыра береді.
Жастар саясаты жүргізіліп келе жатқан 12 жылда ҚТЖ-да 60 мыңнан астам жас теміржолшылар кәсіби және жеке дамуға бағытталған іс-шараларға қатысқан. Осы аралықта 2 мыңнан астам жас маман компанияның «Сен болмасаң, кім?» жастар корпоративтік лагеріне қатысып, түрлі марафондарда салауатты өмір салтын сақтау және насихаттауда үлгі көрсетіп келеді. ҚТЖ-ның Көңілді тапқырлар құрама командалары тек компания көлемінде ғана емес, елімізде танымалдығы артқан. Осы аралықта 500-ге жуық жас теміржолшылар «Жас үздік маман» байқауында бақ сынап, «Жоба менеджменті» сайысына 7 мыңнан астам жас маман қатысып, басқару машықтарын үйренген.
Топ-менеджерлермен панельді пікір-сайыстан соң жастар қазақстандық танымал продюсер Азат Әбікенмен кездесті. Сондай-ақ сарапшы Лариса Чистоедова жастарға «Ресурстылықты басқару» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Ал кешкісін «Өңірлер визиткасы» таныстыру бағдарламасында әр аймақтан келген жастар өздерін таныстырды.
Райхан Рахметова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"