К 30-летию Независимости Казахстана | 21 қазан 09:05

ҚТЖ жаттығуы: Өрт сөндірушілер күкіртпен күресті

Күкірт тиеген вагон апатқа ұшырап, өрт шықты. Осындай қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керек. Кезекті оқу жиыны кезінде құрылымдардың бірлескен жұмысы, қызыл жалынға қарсы дайындықтары пысықталды.  

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі филиалына қарасты Nº39 Ақтөбе өрт сендіру пойызы мен облыстық ТЖД бірлесіп, кешенді оқу-жаттығу өткізді.

Сценарийге сай, күкірт қышқылы тиелген жүк вагоны жолдан шығып кетеді. Пайда болған техногендік сипаттағы төтенше жағдай бойынша Ақтөбе өрт сөндіру пойызы қауіпті жойып, шұғыл залалсыздандыруға тиіс.  

Оқу-жаттығу алаңында күкірт қышқылы тиелген жүк вагондарынан өрт тұтанды, түтін пайда болды. Вагон құрастырушы дереу тиісті орындарға хабарлады. Улы заттың түтінінен есінен танған вагон құрастырушы носилкамен шығарылды. Жедел жәрдем шақырылды. Темір жол бойына төгілген күкірт қышкылының үстіне дереу көбік шашылды. Бұл – күкірт қышкылдарының ауаға таралмауына жасалған шара.  

«Апаттық жағдайдың алдын алу бағытындағы жұмыстарды нығайту маңызды. Мұндай шаралар оқыс жағдайда шұғыл әрекет етуге көмектеседі. Көзімен көрген оқиға қызметкерлерге сауатты әрекет жасау жолын көрсетеді», – деді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Темірбек Елғонды.

Кешенді оқу-жаттығу Ақтөбе өрт сөндіру пойызының бастығы Бауыржан Файзулланың жетекшілігімен өтті. Сонымен қатар облыстық ТЖД және ПЧ-3 Ақтөбе жеке кұрамынан 33 адам катысты. Апаттық жағдай болған жер толықтай залалсыздандырылып, берілген тапсырма уақытында орындалды. Жаттығу кезінде ең алдымен жеке кұрамның іс-қимылды шапшаң әрі сауатты орындауы маңызды.  

Ардақ Ерубаева

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"