К 30-летию Независимости Казахстана | 06 тамыз 17:27

ҚТЖ жүк тасымалын толық көлемде қамтамасыз етеді

2021 жылдың 7 айында Қазақстан темір жолы желісі бойынша 147 млн тоннадан астам жүк тиелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,4 млн тоннаға артық. Республика ішінде 95,3 млн тоннадан астам, ал экспортқа 52,1 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл туралы онлайн режимдегі баспасөз конференциясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Оралхан Құлақов хабарлады.

Спикердің мәліметінше, өткен жылдың қаңтар-шілдесімен салыстырғанда ҚР мен ҚХР арасындағы жүк тасымалдау көлемі 5%-ға өсіп, 12,7 млн тоннаны құрады. Оралхан Құлақовтың пікірінше, ҚХР мен ҚР арасындағы тасымалдарды арттырудың алғышарттарының бірі – жүктерді контейнерге тиеу. Қазіргі уақытта үкіметтік деңгейде бизнес-қоғамдастықтар, ҚТЖ және басқа да мүдделі тараптар өкілдерінің қатысуымен Жүктерді контейнерлеу жөніндегі жол картасы әзірленуде.

Баяндамашы өз сөзінде ҚТЖ әлеуметтік маңызды жүктерді жаппай тасымалдау маусымына дайын екенін айтты.

 

Көмір тасымалдау

Осы жылдың 7 айында 59 млн тонна тас көмір тиелді. Бұл 2020 жыл көрсеткішінен 4,4%-ға жоғары. Ел ішінде коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен тұрғындар үшін 41,7 млн. тоннадан астамы тасымалданды (2020 жылғы деңгейден 25%-ға жоғары). Жылжымалы құрамның жеткілікті паркі бар. Қазақстан аумағында 63 мыңнан астам ашық вагон бар болса, соның 55% көмір тасымалдауға тартылған. Бұл – «Қазтеміртранс» АҚ мен жеке тасымалдаушылар вагондары.

Астық тасымалдау

Сондай-ақ, Оралхан Құлақов 2021 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша 5,2 млн тонна астық тиелгенін, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 11%-ға жоғары екенін жеткізді. Оның ішінде республика ішіндегі қатынаста 1,3 млн тонна тасымалданса, экспортқа 3,9 млн. тонна шығарылды. Соңғы 3 жылда қазақстандық астық тасығыштар паркі 7%-ға ұлғайып 9,3 мыңға жетті. Оның ішінде 6,2 мыңнан астамы «Астық Транс» АҚ басқаруында, қалғандары – қазақстандық жеке меншік  иелерінің қолында. Жабық вагондардың отандық паркі 13 мыңнан астам бірлікті құрайды, оның 5 мыңға жуығы – жеке меншікте.

ЖЖМ тасымалдау

2021 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша құйылмалы мұнай жүктерін тиеу 8%-ға артып, 10 млн.тоннаны құрады. Оның ішінде қазақстандықтар үшін 7 млн.тоннасы жеткізіліп, өткен жылға қарағанда өсім 13% болды. ҚР-да цистерналар жылжымалы құрамының нарығы 2019 жылы ырықтандырылғанын атап өткен жөн. МӨЗ-ден шыққан құйылмалы мұнай жүктерін жеке компаниялар тасымалдайды. Бүгінгі таңда қолда бар цистерналар саны мәлімделген қажетті көлемнен асып түседі.

Сондай-ақ, баспасөз конференциясы барысында шілде айында құрғақшылықтан зардап шеккен Маңғыстау облысының аудандарына 167 вагон сығымдалған (пресстелген) шөп жіберілгені туралы айтылды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ жүк жөнелтушілердің тасымал қажеттіліктерін толық қанағаттандыру үшін барлық шараларды қабылдауда.