2024 жылы Мысырдың Каир қаласында өткен ARASHI MMA World Championship жарысында Әлихан әлем чемпионы атанып, Қазақстан құрамасы командалық есепте 17 алтын медальмен бірінші орынға ие болды. Жарыста ол Қазақстанның Мемлекеттік Туымен бірге ҚТЖ туын да көтеріп шықты. Спортшы Үндістандағы Азия ойындарының жеңімпазы, қоян-қолтық ұрыстан Қырғызстандағы OPEN турнирінің чемпионы, греплингтен Қазақстан чемпионы және бокстан үш дүркін Қазақстан чемпионы. Сондай-ақ үш жыл қатарынан студенттер арасындағы универсиада жеңімпазы атанған. Қазір Әлихан Жаңаөзен қаласындағы ARASHI MMA федерациясында жаттықтырушы болып еңбек етіп, жастардың спортпен айналысуына және салауатты өмір салтын ұстануына үлес қосып келеді.
«Армандарым көп. Әлі талай елде Қазақстанның көк Туын желбіреткім келеді», – дейді Әлихан.
Жақында спортшының отбасында қуанышты оқиға болып, жұбайымен бірге Айдария есімді қызды дүниеге әкеліп, әке атанды.