К 30-летию Независимости Казахстана | 06 ноября 15:14

ҚТЖ қызметкері ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды

Қазалы өңірі – табиғаты қатал, климаты күрделі, аптап ыстық айлап созылып, аңызақ жел апталап тұратын мекен. Осындай ортада теміржолшының еңбегі – ерлікпен пара-пар. Сол ерлікті күн сайын атқарып жүрген азаматтардың бірі – Амангелді Әмитов, кәсіби мерекесі қарсаңында ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды! Ол теміржол саласында қырық жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Өз кәсібіне адалдық пен төзімділіктің үлгісі. Темір жолға ол небәрі 17 жасында келген екен – жас жігіттен ел ағасына айналғанша бүкіл ғұмырын осы салаға арнады.  

«Теміржолдың тірлігі маған бала кезден таныс еді. Әкем Самат та өмірін жол шаруашылығына арнады. Ол кісі еңбек еткен заманда жұмыс өте ауыр болатын. Бүгінде техника бар, бірақ жолшының еңбегі әлі де оңай емес. Темір жолға тек темірдей шыдамды адам керек», – дейді Амангелді Саматұлы.

Қарапайым жол монтерінен бастап жол бригадирі қызметін атқарған ол бүгінде жол монтері ретінде жолдың әрбір метріне жауап береді. Оның басты міндеті – жолшылардың еңбек қауіпсіздігі мен пойыз қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету. «Тәртіпке бас иген құл болмас, тәртіпсіз ел болмас» қағидасын берік ұстанған жолшылар ұжымы бірлік пен жауапкершілік арқасында өндірістік жарақатсыз еңбек етіп келеді.  

«Бүгінгі алған жоғары марапат – менің ғана емес, бүкіл Қазалы жол дистанциясы ұжымының еңбегінің жемісі. Біз пойыздардың қауіпсіз қозғалысына үлес қосып, ел сенімін ақтау үшін еңбек етеміз», – дейді марапат иегері.

Амангелді Әмитовтың өмір жолы – адалдықтың, еңбексүйгіштіктің және теміржолшы рухының айқын көрінісі!