К 30-летию Независимости Казахстана | 25 желтоқсан 11:30

ҚТЖ локомотив паркін белсенді жаңғыртып жатыр

«ҚТЖ» ҰК» АҚ сала тынысындағы өзекті мәселелерді шешумен тұрақты түрде айналысып келеді. Оның бірі – жеткілікті локомотив паркін жасақтау.  

Қазіргі уақытта парк 1 мың 807 бірліктен тұрады. Тозу деңгейі – 61%. 2022-2023 жылдары локомотивтердің жетіспеушілік фактілері болды. Олардың қажетті санын қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 113 және биыл 185 локомотив сатып алынды. Алдағы үш жылда тағы 257 локомотив жеткізіледі, бұл тапшылықты толығымен жоюға және тозу деңгейін 61%-дан 44%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек.

Ал вагон паркіне келетін болсақ, Қазақстан темір жолы тарапынан 3 мың ашық вагон және 2 мың платформа қосымша сатып алынып жатыр. Бүгінде нарықта 300-ден аса жеке оператор бар, олардың балансында 140 мыңға жуық жүк вагондары жұмыс жасайды және бұл парк қажетті тасымалды толық қамтамасыз етуге жеткілікті болып отыр.  

Келесі өзекті мәселенің бірі, тозу деңгейі 57%-ды құрап отырған магистралдық теміржол желісін жаңғырту. Бұл бағытта да соны серпілістер байқалуда. Мәселен, биыл 1401 км жол жөнделген. 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның 2 мың 800 шақырымында тиісті жұмыстар аяқталған.

Сонымен қатар жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды құрайтын жаңа және екінші жолдардың құрылысы жүргізілмек. Бүгінде оның 1,3 мың км салынып жатыр, сондай-ақ келешек еншісіне 2 мың 600 шақырымға автоблокировканы енгізу және 184 станцияны модернизациялау жоспарланған.

Сұлугүл Бакесова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"