К 30-летию Независимости Казахстана | 10 наурыз 16:30

ҚТЖ локомотив паркін жаңартады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының теміржол машиналары мен жылжымалы құрамды жаңарту мен жаңғырту саясаты өз жемісін беріп келеді. Әсіресе бүгінгі таңда өзекті болып отырған локомотив паркін жаңартуға байланысты шаралар қолға алынуда.  

Мәселен, осы мақсатта осы айдың басында Парижде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС, «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС мен Société Générale және Natixis құрамындағы банктер синдикаты арасында Несиелік келісімге қол қойылды.  

Несие отандық өндіруші – «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-нен 105 жүк және жолаушы электровозын сатып алуға жұмсалады. Локомотивтерді жеткізу 2023- 2029 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл теміржол көлігінде электровоз тапшылығын азайтып, қазақстандық жүк жөнелтушілерге сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етері анық.  

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – EURIBOR +1,15%, мерзімі – жеңілдікті кезеңмен 14 жылға дейінгі уақытты құрап отыр. Несиелік келісім Францияның Қаржы министрлігі мен Несиені сақтандырушы ретінде әрекет еткен BPIFrance мемлекеттік экспорттық несие агенттігінің қолдауымен жасалып отыр.  

Сұлугүл Бакесова

"Қазақстан теміржолшысы"