«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өз қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыруға үлкен мән беріп отыр. Әр құрылымда тілді үйрену, іс-қағазды мемлекеттік тілде жүргізу бағытында түрлі жобалар қолға алынған. Нақты айтсақ, компанияда 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Соның аясында ана тіліміздің мәртебесін арттырып, оның қолданыс аясын кеңейте түсу үшін қызметкерлерді ынталандыру жөнінде түрлі байқау, сайыстар өткізіліп жатыр.
Сондай байқаудың бірін жақында «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалы өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау бірнеше кезең бойынша өткен.
«Алдымен қатысушылар өз презентацияларын 2024 жылдың 27-28 маусым аралығында біздің электрондық поштамызға жібереді. Ұсынылған материалдарды байқау комиссиясы қарап, олардың конкурс талабына сәйкестігін тексерді. Негізінен ұсынылған жұмыстар екі критерий бойынша бағаланады. Біріншіден, мемлекеттік тілдегі презентация 5-7 слайдтан тұруы керек. Презентацияда құрылымдық бөлім мақсаты, қызметі және жоспарланған нәтижесінің қысқаша сипаттамасы болу қажет. Екіншіден, құрылымдық бөлім өкілдерінің шеберлігі екі критерий бойынша бағаланды. Яғни мемлекеттік тілді меңгеру және шешендік өнер деңгейі. Құрылымдық бөлім өкілінің мемлекеттік тілде сөз сөйлеуіне 10 минут уақыт берілді», – дейді Тәуекелдер және ішкі бақылау бойынша бас маман Гүлнар Тұрсынбекова.
«Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалы 2024 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі құжат айналымының көрсеткіші төмен деңгейде қалып отырған құрылымдық бөлімшелердің қатарына енген. Мамандар бұны өз қызметтерімен байланыстырады. Өйткені ІТ бағытындағы терминдерді орыс немесе ағылшын тілінде айтпаса, көпшілік оны түсіне бермейтін көрінеді.
Дегенмен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, мемлекеттік тілді дамыту бойынша биылға Жол картасы әзірленген. Аталған жұмыс тобының төрағасы әрі филиал директорының IT стратегиясы бойынша орынбасары Әділет Нұрғожин тіл саясатын іске асыру бойынша көптеген жобалар қолға алынғанын айтады.
«Тіл саясатын дамыту бойынша 2029 жылға дейін жеті Жол картасын әзірледік. Алдағы уақытта осылардың бәрін біртіндеп іске асыратын боламыз. Оның ішінде «Қызметкерлердің мақсаттарында мемлекеттік тілде іс-қағаздарды дайындауды қоса алғанда, құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру бойынша креативті шаралар» тақырыбында тренинг пен түрлі байқаулар өткізу жоспарда бар. Қызметкерлердің мемлекеттік тілді үйренуе деген құлшынысы жаман емес. Байқау жеңімпаздарына арналған арнайы сыйлықтарымыз бар», – дейді жұмыс тобының төрағасы Ә.Нұрғожин.
Сонымен қатар ол мұндай байқаулар ұжымдағы қызметкерлердің басқа қырынан танылып, бар қарым-қабілетін көрсетуге үлкен мүмкіндік беретінін айтты.
«Арамызда дарынды қызметкерлер көп. Күнделікті жұмыс барысында олар шаруадан бас алмай жүре береді. Ал мұндай байқаулар оларға шабыт беріп, ұйымдастырушылық, сөйлеу шеберлігін арттыра түседі. Біздің байқаудан жеңімпаз атанғандар алдағы уақытта ҚТЖ бойынша болатын сайыста бақтарын сынайды. Осылайша олар өздерін жан-жақты танытып, мансаптық өсуге мүмкіндік алады», – дейді Әділет Нұрғожин.
Сонымен мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі байқауда АТ бизнес-серіктестік департаментінің АТ бизнес-серіктесі Мақпал Жапарова «Үздік маман» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ Басқарушылық есептілік жүйелерін дамыту департаментінің бас менеджері Ә.Қ.Ильясова сайыстың «Мемлекеттік тілді жақсы меңгерген қызметкер» аталымында жеңімпаз деп танылды. Ал «Үздік презентация» аталымы бойынша Талдау және әзірлеу департаментінің бас менеджерлері А.Шауенов және А.Сакитжанов жеңімпаз атанды.
«Үздік маман» аталымы бойынша жеңімпаз атанған АТ бизнес-серіктесі Мақпал Жапарова байқау оңайға соқпағанын айтады. Күнделікті өмірде қазақша сөйлеп жүргенімен, Ақпараттық технологиялар бойынша жобалар мен терминдерді мемлекеттік тілде ұғынықты етіп жеткізу үшін көп еңбектенгенін айтады.
«Біздің мамандық техникалық болған соң оның барлығын қазақ тіліне аударып, түсінікті етіп жеткізу оңай болмады. Оның ішінде ІТ саласындағы әдебиет, мәліметтер мен терминдердің бәрі шет тілінен енген, жұмыс барысында да оларды орыс тілінде қолданамыз. Егер қазақшаға аударсақ, мағынасы түсініксіз болып қалады, әр жерде әртүрлі аударған, бірізділік жоқ. Дегенмен, еш қорықпай жұмысымды қазақ тілінде түсінікті етіп таныстыра білдім. ІТ саласына ғылыми емес, қарапайым тілде жеткізуге тырыстым. Сол себепті әділ қазылар алқасы жақсы бағалады деп ойлаймын», – дейді М.Жапарова.
Сондай-ақ жеңімпаз кез келген салада қазақ тілін қорықпай қолданысқа енгізсе, алдағы уақытта ол өз жемісін беріп, дами түседі деген ойда.
Әділет Мұсахаев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"