Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – әртүрлі өндірістік деңгейдегі жұмысшылардың еңбек жағдайларының ҚР еңбек заңнамасы мен нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкестігін анықтау. Мәселен, тек 2023 жылдың өзінде зиянды және қауіпті жұмыс істейтін он мыңнан астам жұмысшының еңбек жағдайы аттестацияланған. Әдетте мұндай іс-шараларды өткізу кезінде жұмыс берушінің арасынан комиссия құрылып, оның ішінде еңбекті қорғау қызметі, стандартты реттеушілер, кәсіподақ пен мамандандырылған ұйым өкілдері болады. Еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау – қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың өлшенген параметрлерінің ҚР аумағында қолданыстағы санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларға сәйкестігі негізінде жүргізіледі.
Биылғы жоспарлы аттестация Маңғыстау өңіріндегі бейнеулік жол дистанциясы мен вагон пайдалану депосынан басталды. Аттестаттау процесіне арнайы шақырылып, бастан-аяқ қатысқан «Қазкөліккәсіп» ҚБ Орталық кеңесінің еңбек қорғау жөніндегі бас техникалық инспекторы Қайрат Мұқанов жоғарыда аталған екі кәсіпорыннан барлығы 400-ге жуық адам қамтылып, 21 және 8 жұмыс орындары аттестацияланғанын жеткізді.
– Кәсіподақ өкілі ретінде өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау объективті, сапалы және ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуын бақыладым. Комиссия шақырған тәуелсіз ұйымның өкілі арнайы жабдықпен химиялық, физикалық және басқа факторларды ескере отырып, жұмысшының еңбек процесінің өлшемін жүргізді. Бұл жұмыс берушіге де, кәсіподаққа да еңбек жағдайының сақталуын жұмыс орнында тексеруге мүмкіндік береді. Мәселен, жол жөндеуші бастапқыда қауіпті аймақта жұмыс істеді делік. Оның жұмысын, яғни жол бойындағы шөпті шабу, жолдың жоғарғы құрылымын түзету, шпалдарды ауыстыру сияқты тағысын тағы жұмыстармен айналысуын, 25 градустан жоғары температурада қауіпті булануға айналатын төгілген май немесе жұмыс орнының жанында тұрған жанғыш, өткір химиялық заттары бар құрамдар қиындатады. Сондықтан барлық тиісті өлшемдер жүргізіледі: шпалдарды ауыстырған кезде әр жұмысшыға жүктелетін жүктеме қандай, жұмысшының қимыл-қозғалысы, қажетті құралмен, арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталуы қандай, осының бәрі өлшем жүргізу кезінде есепке алынады, – дейді Қайрат Қазезтайұлы.
Айтуынша, жұмыс орындарын аттестациялау кезінде комиссия ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен гигиеналық нормативтер сынды әртүрлі құжаттарға сүйенеді. Онда микроклиматқа, рұқсат етілген дыбыс көрсеткіштеріне, жарықтандыруға және т. б. қатысты талаптар бар. Себебі заңнамада және нормативтік құжаттарда көрсетілген зияндылықтың рұқсат етілген, зиянды, ауыр және басқа да әртүрлі кластары бар көрінеді. Осылайша комиссия құрамындағы мамандандырылған компания жүргізген жоғарыда аталған өлшемдер қызметкердің еңбек жағдайларының осы кластарға сәйкестігін анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ өндірістік объектілерді кезектен тыс аттестаттау да жүргізіледі екен. Ол жұмыс беруші немесе жұмысшылар өкілі тарапынан жоғарыда атап өткен бұзушылықтар анықталған жағдайда, Мемлекеттік еңбек инспекциясының талабы бойынша жүргізіледі. Мысалы, Қарағанды облысының Жаңаауыл станциясында 2021 жылы кәсіподақтың бастамасы бойынша жүк пен багажды қабылдап-тапсырушылардың жұмыс орындарын кезектен тыс аттестаттау өткізілген. Оның барысында жұмысшылар еңбегінің күрделілігіне, ауырлығына әсер ететін факторлар анықталған. Нәтижесінде жұмысшыларға 10% қосымша ақы төлемі тағайындалыпты. Ұлттық компанияның «Қала маңы тасымалы» филиалында да жоспардан тыс аттестация жүргізуге машинистер бастама көтерген. Себебі алдыңғы аттестаттау кезінде, жұмыс уақытының хронометражы жүргізілмегені белгілі болған. Ал қайта аттестаттау кезінде барлық өлшемдер ескеріле отырып, машинистер жұмысының ауырлығына әсер ететін бірқатар факторлар анықталған және нәтижесінде зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар белгіленіпті.
– Бұл жолғы жоспарлы аттестаттауға кәсіподақ өкілінің қатысып, объективті баға берілуіне Бейнеу жол дистанциясы жұмысшыларының бастама көтергенін атар едім. Жұмыс киімінің сапасына қатысты шағымдар болған. Мамандандырылған ұйым өлшеу, арнайы киім және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, жұмыс орындарының санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкестігі, тағысын тағы мәселелер бойынша көп жұмыс атқарды. Енді барлық өлшемдер жүргізіліп, деректер жиналғаннан кейін лабораториялық талдау жасалады, оның қорытындысы кем дегенде бір айда шығады, өйткені бұл қорытынды аттестация картасын жасауға және комиссияның хаттамалық шешімін шығаруға негіз болады. Ал жұмыс беруші жұмыста зиянды жағдайлардың бар екені расталғаннан кейін ғана тиісті жеңілдіктер мен қосымша ақы туралы шешім қабылдайтын болады. Жұмыс беруші комиссия шешімін жұмыстағы қауіпті азайту арқылы еңбек жағдайын жақсарту үшін ескеретін болады. Бұл екі жаққа да тиімді. Жұмысшы мейлінше қауіпсіз жұмыс орнына ие болса, жұмыс беруші өндіріс процесіндегі зиянды факторларды азайта отырып, бір мезгілде қосымша төлемдер мен жеңілдіктер бойынша шығындарды төмендететін болады, – деп түйіндеді сөзін Қайрат Мұқанов.
Ол сондай-ақ жетекші шетелдік компаниялардың мұндай іс-шараларды өткізуге деген көзқарасына, тәсіліне тәнті екенін атап өтті. Өйткені олардағы іс-шаралар кейінірек ұжымдағы жұмыс атмосферасы мен әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етуі ықтимал факторларды болжауға және алдын алуға бағытталған. Ал бізде көп жағдайда, аттестация түйткілдердің бар екенін анықтап, оларды жоюға бағытталған.
Сұлугүл Бакесова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"