К 30-летию Независимости Казахстана | 15 маусым 08:20

ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары жазғы өрт қаупі жоғары кезеңдегі жұмыстарға дайын

ҚТЖ-да 47 өрт сөндіру пойызы, 4 өрт сөндіру қосыны бар, олардың бәрі жазғы өрт қаупі жоғары кезеңде жұмыс істеуге дайын. Өрт сөндіру пойыздары жұмысшыларының жалпы саны 600 адамнан асады. Тәулігіне кезекшілікке 150-ден астам адам шығады. ТЖ бола қалған жағдайда өрт сөндіру пойыздары жоғары дайындықтағы режимге көшеді. Әрбір өрт сөндіру пойызы өрт-техникалық құралдарымен жабдықталған, онда 100 тонна су қоры, 5 тонна көбік бар. Пойызда отын мен тамақ қоры жеткілікті, өрт мотопомпалары, электр станциялары, «Жарық мұнарасы» жарық түсіру құрылғысымен жабдықталған. Автономды режимде пойыз перегонда ұзақ уақыт бойына жұмыс істей алады.

ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойыздарының қызметкерлері ұдайы өрт-тактикалық жаттығуларына қатысып отырады. Мәселен, Қостанай облысындағы Шоққарағай станциясында ауқымды өрт-тактикалық жаттығуы өтті. Іс-шараға Қостанай станциясының өрт сөндіру пойызы, Қостанай облысы ТЖД қызметкерлері, орман шаруашылығы мен табиғи қорық өкілдері қатысты.

Жаттығу сценарийі бойынша отты дұрыс пайдаланбау салдарынан орманды өрт шарпыды. Өрт тез күшейіп, аумаққа жайыла бастады. Төтенше жағдай орнына өрт сөндіру пойызы жетті. Бір мезгілде ТЖД қызметкерлері өрт сөндіруге кірісті. Өрт аз уақытта ауыздықталды.

Әйтеке би станциясының өрт сөндіру пойызы Ақтөбе облысы Қарғалы ауданындағы шартты дала өртін жоюға қатысты.

Орманды және далалық жердегі өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өрт шыға қалған жағдайда өрт сөндіру пойыздарының, ТЖ бөлімшелерінің, орман шаруашылығының оны сөндіруге дайындығын пысықтауға мүмкіндік береді.