Тараптар көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара қарым-қатынастар дамуының оң қарқынын, серіктестіктің ұзақ мерзімді перспективалық бағыттарын атап өтті.
Теміржол әкімшіліктерінің басшылары қазақстандық-ресейлік және қазақстандық-қытайлық теміржол шекаралық өткелдерінің жұмысына ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, Ресей, Қазақстан және Беларусь теміржол әкімшіліктері құрған Бірлескен көліктік-логистикалық компанияның қызметін дамыту жөніндегі одан арғы жоспарлар қаралды.
Сонымен қатар, тасымалдарды ресімдеудің қағазсыз технологияларын дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар экспорттық-импорттық тасымалдарды ресімдеудің цифрлық форматына көшу жөніндегі жол картасын әзірлеуге келісті.
2021 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалдары көлемі 21 млн тоннадан асып, өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 2% өсті. Оның ішінде, экспорт 4% артып, шамамен 14 млн тоннаны құрады. Өсім Ресей Федерациясының аумағы арқылы көмір, мұнай өнімдері мен қара металдарды жеткізу есебінен болды.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында астық экспорты 65%, тас көмір 70%, түсті кен 53% , қара металдар 26%, мұнай өнімдері 22% өсті. Жалпы, өткен жылы екі ел арасындағы жүк айналымы 85 млн тоннадан асты.