«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның корпоративтік еріктісі жобасы бойынша Семей ЖТ бөлімшесінің Жастар ұйымы «Үлкенге қамқорлық» тақырыбын таңдаған болатын. Жалпы, бұл бағытта жас буын осыған дейін де талай жұмыстар жүргізген еді. Енді жыл соңында жаңаша қарқын алмақ. Жастар бастамасына бөлімше директоры Алмас Сейсемқанов жан-жақты көмек көрсетуде.
Жуырда теміржолшы жастар жалғыз тұратын зейнеткерлерге арнайы барып, хал-жағдайларын біліп, азық-түлік себеттерін табыстады. Еріктілер әуелгі кезекте ұзақ жылдар бойы өңірдегі теміржол саласында еңбек еткен ардагер Агафья Борисенконың шаңырағына барып, көмек қолдарын созды.
– Мен жалғыз тұрамын, мен сияқты қамкөңіл қарттар қаншама. ҚТЖ еріктілері сынды мейірімді жастардың бар екеніне қуаныштымын. Аға ұрпақты ұмытпай қамқорлық керсеткендері үшін рахмет. Осынау бастамаға жол ашқан басшылыққа да алғысымды білдіремін, – деді А.Лаврентьевна ризашылықпен.
Бір бұл емес, жастар ұйымының белсенділері қаладағы қарттар үйіне барып, тағдырдың жазуымен осы үйде тұрақтаған аға буын теміржолшылардың да көңілін аулап қайтты. Олар үшін арнайы әзірленген азықтүлік пен қажетті гигиеналық құралдарын табыс етті.
Семей ЖТ бөлімшесі Жастар ұйымының төрайымы Арайлым Қосанованың айтуынша, еріктілердің жыл аяғына дейін әлі де атқаратын жұмыстары көп, ал келер жылдың басында, қаңтар айында арнайы жоспар жасалынып, жыл бойы атқаратын жұмыс түзіледі.
Қуаныш Қожаев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"