Отырысқа Алматы қаласындағы конструкторлық-эксперименталды орталықтың, вагон пайдалану депосының бас инженерлері қатысты. Жиынға өндірістік дәрігерлер, көліктегі АЭА, еңбек бойынша мемлекеттік инспекция, өңірлік көлік прокуратура өкілдері шақырылды. Іс-шарада 2023 жылдағы еңбек қорғау бойынша жұмыстар қорытындысы шығарылып, 2024 жылғы қызметтің негізгі бағыттары анықталды.
Талқыланатын тақырыптар қатарында кәсіби тәуекелдерді азайту, жұмыс барысында қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін сақтау бойынша іс-шараларды жүзеге асыру бар. Семинарға қатысушылар лайықты еңбек жағдайын ұйымдастыру, өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу бойынша өзара тәжірибе алмасты. Былтыр және биыл жыл басында болған жарақат алу оқиғаларының түпкі себептері қаралды.
Отырысты ашқан «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері – техникалық саясат департаментінің директоры Рамазан Садырқұлов темір жол саласында жарақат алуды азайту, еңбек қорғау және еңбек жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп, осы бағытта іс-шаралар өткізілетінен жеткізді. Ол сондай-ақ еңбек қорғау мәселесінде әрбір жұмысшының жауапкершілігі зор екенін атап айтып, еңбек қорғау және қауіпсіздіктің мемлекеттік нормативтік талаптарын ұдайы сақтауға шақырды.
Қатысушылар бұл семинардың пайдалы болғанын, себебі оның барысында тұшымды әңгіме айтылып, жұмыс процесінде туындайтын сұрақтарға жауап тапқанын айтты.