Ержан мырза, SK NEWS оқырмандарына 2020 игі іс жайлы айтып берсеңіз.
Иә, расында да бізге 2020 жылы 2020 игі іс жасау ойға келді. Алғашында қиын болып көрінгенімен, кейінірек көздеген мақсатты орындай алатынымызды сездік. Біздің компанияда ол үшін адами ресурс пен идея да жеткілікті. Әріптестермен ақылдаса отырып волонтерлік бойынша іс-шаралар жоспарын құрдық. Біздің бастамаларды компаниямыздың Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мырза қолдап, бізді одан әрі жігерлендіре түсті. Қазіргі уақыттың өзінде аймақтарды қоса алғанда біраз іс-шараны жүзеге асырдық деп мақтанышпен айта аламын. Нұр-Сұлтандағы аулаларды қардан тазалау, қоқыстарды бөлуге арналған жәшіктерді орнату, сала ардагерлеріне көмектесу сынды істер алдағы уақытта да жалғасын табады. 2020 игі іс жобасы бағыт бойынша бөлінбейді. Әрбір игі іс – біз үшін үлкен жетістік.
Өзіңіз еріктілікке қалай келдіңіз?
Негізі теміржолшылар еріктілікпен бұрыннан-ақ айналысып келеді. Волонтер жылы тек осы жақсы дәстүрді жалғастыру үшін мүмкіндік болды. Мысалы мен тұрақты донормын. Осы арқылы қоғамға кішкентай болса да көмегім тиетіні мені қуантады. Компаниямыз ұйымдастыратын іс-шаралар легіне де үзбей қатысуға тырысамын. Волонтер жылы аясында барлығымыз өзіміздің ерекше қырларымызды ашамыз деп ойлаймын, себебі жақсылық жасау үшін міндетті түрде аса үлкен іс атқарудың қажеті жоқ. Жай ғана біреуді күлімсіретіп, көмек берудің өзі – еріктілік.
Еріктілікті қарапайым сөзбен түсіндірсеңіз, оны қалай сипаттар едіңіз?
Мен үшін еріктілік - жақсы және игі істердің басы-қасында болу. Сіз жасаған жақсылық әрдайым сізге, сіздің жақындарыңызға, балаларыңызға қайта оралады. Бұл жақсы оқиғалардың циклы. Мен бұған шын жүректен сенемін.
Сіздің жақындарыңыз немесе достарыңыз еріктілікпен айналыса ма?
Иә. Менің жарым еріктілердің қатарында. Екеуміз бірлесе көптеген қайырымдылық іс-шараларында ерікті ретінде көмек көрсетіп келеміз.
Волонтер жылы қазақстандықтарға не береді деп ойлайсыз?
Волонтер жылы игі істерге толы берекелі жыл болары анық. Ал біздің компанияны алар болсақ, біз көмекке зәру қазақстандықтарға әрқашан қолымыздан келгенше көмектесуге дайынбыз. Ауқымды қарайтын болсақ, Волонтер жылы аясында көптеген ірі компаниялар корпоративтік еріктілікті өздерінің корпоративтік мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қарастыра бастады. Халқымызда еріктілік бұрыннан-ақ бар. Мысалы, асар - ауқымды да күрделі жұмыстарды ауылдастары бірлесе атқару әрекетінің атауы. Егіншілік дамыған өлкелерде арық, кәріз қазу, тазалау секілді суландыру жүйесіндегі жұмыстарды, сондай-ақ, үй тұрғызу, қора-қопсы салу сияқты құрылыс жұмыстарын асар жасау арқылы атқарған. Бір отбасының қолынан келмейтін күрделі, көлемді жұмыстарды атқару үшін бірнеше ауылдың адамдары асарға шақырылып отырған. Еріктілік те міне дәл осындай. Игі істер біздің айналамызда күнде жасалып жатыр, тек оны байқап, одан әрі жалғастыруымыз керек. Себебі, волонтерлікпен айналысу еріктілердің өздеріне де көп артықшылық береді. Біреулер еріктілік арқылы өзінің өмірінің мәнін тауып жатса, біреулер болса басқасының қайғысына ортақтасуды үйренеді. Ал ең бастысы еріктілік бізге қоғамға пайдалы болуды үйретеді.
Ой бөліскеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Альбина Әтен