Бала шағынан темірден түйін түюге ерекше қызыққан ол, болашағын осы іспен байланыстырды. Биыл Ықыластың Қаражанбасқа қадам басқанына аттай 22 жыл уақыт өтіпті. Сол кезден бері мыңдаған мұнай құбырын дәнекерлеп, жабдықтардың берік боп бекуіне жауапты маман берілген әр тапсырманы асқан ыждағаттылықпен орындайды. Оған қоса өндіріске енді келген жастарға ағалық ақылын айтып, құнды кеңесін аяған емес. Кәсіби маман үшін талай кезеңді бастан өткерген Қаражанбас – туған үйіндей ыстық мекен.
«Ғұмырымыздың ең жалынды жылдарын өндіріске арнап, нағыз маман ретінде шыңдалдық. Қаражанбас біздің көз алдымызда дамыды. Қиын кезеңдерді бәріміз бірге еңсеру арқылы осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Мықты мамандар жиналған ұйымшыл ұжым алға қойған мақсаттарға жетіп, әлі де биік белестерді бағындыратынына кәміл сенемін», – деді Ықылас Қайыров.
Тәжірибелі дәнекелеуші негізгі жұмысымен қатар, кен орнының қоғамдық өміріне де белсенді араласады. Соңғы жылдары ол жылыту маусымына дайындық шараларында төбе көрсетіп, жылу қазандықтары мен құбырларын дәнекерлеп, қолғабыс етіп жүр. Алпысты алқымдаған адал еңбек иесі мамандығы туралы үнемі мақтанышпен айтады. Құрметті демалысқа шығатын шағы жақындаған Ықылас Қайыровтың кәсібилігі мен қамқорлығы еңбек ұжымы жадында мәңгіге жатталары сөзсіз.