Бала кезден қылқаламмен әуестенген теміржолшы жігіт – бүгінде төңірекке танымал суретші. Қарапайым қарындашпен шимайлаған суреттері шеберлігін жетілдіре келе майлы бояуға көшіп, туа бітті дарыны мен талантын танытқан жас жігіттің атын шығарды. Әсіресе Талғаттың бағын ашқан – портрет жанры. Сондықтан оған сұраныс берушілер де көп. Бірнеше жыл бұрын «Каскортранссервис» мекемесінің Ақтау қаласындағы фитнес-залын безендіруге ұсыныс түсіп, қабырғадағы мүсіндердің бейне бір тірі адамдай әсер ететін шебер орындалғанын көрген жанның бәрі таң қалып, таңдай қағысқан. Өзі еңбек ететін мекеменің, Бопай станциясының карта, стенд, компания эмблемасы, жазу-сызу сияқты сұраныстарын да өтеп жүр.
Талғаттың әкесі Мұратбай Оразов – Бопай станциясының бастығы. Баласының суретшілік өнерін әу баста жай әуесқойлық деп қабылдағанымен, бертін келе бағын байламай үлкен қалаға барып оқуға кеңес те берген. Бірақ 2014 жылы Тынышпаев атындағы Ақтау көлік колледжін тәмамдаған Талғат туған жерден ұзап кете алмады, жеті жылдан бері Маңғыстау белгі беру және байланыс станциясының Бопай станциясындағы КТСМ электромеханигі болып еңбек етіп келеді.
«Талғат – жұмысына тиянақты, жауапкершілігі мол жастардың бірі. Өз кәсібіне жетік маман. Өнерін көріп отырсыздар. Жалғыз Бопай емес, жан-жақтан аттай қалап келіп сурет салдыруға тапсырыс беретіндер көп, Құдай берген таланты бар, тек кәсіби білім алмаған. Мен өнер адамы болмасам да Талғаттың қолынан шыққан дүниелер ешбір суретшіден кем емес дер едім. Әттең, кішкене жоғары жақтан талантты қолдау болса, мүмкін Бопайда қалмай, жұртқа танылған суретші болар ма еді», – дейді ол туралы Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясы бастығының орынбасары Рүстем Теңізов.
«Сурет салу ұнайды. Біраз дайын дүниелерім де бар. Егер компания қолдап, демеушілік етсе, еліміздегі мегаполистерде көрме ұйымдастырғым келеді. Осы салада үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалармен танысып, шеберлік сабақ алсам деп армандаймын», – дейді Талғат.
Шахида Жұман
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»