К 30-летию Независимости Казахстана | 26 наурыз 15:34

Қытай 10 жылда Еуропаға жіберген 85 мың контейнерлік пойыздың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтті

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен келген еліміздің көлік саласына жауапты министрі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының көлік-логистикалық инфрақұрылымымен танысты.

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация Үрімші қаласының бірқатар көлік инфрақұрылымы нысанын, оның ішінде халықаралық құрғақ портты, экспресс жеткізу орталығын (Jitu Express), «Қытай-Еуропа» теміржол экспресс хабын және Шыңжаң сауда-логистикалық корпорациясының кеңсесін аралады.

Сонымен қатар көлік министрлігінің басшысы «Қытай Халық Республикасы-Еуроодақ» бағыты бойынша «Тяньшань» мерейтойлық 150 контейнерлік пойызын жөнелту рәсіміне қатысты.

Салтанатты рәсімде «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жүзеге асырылып келе жатқан 10 жылдың ішінде (2013 жылдан бастап) Қытайдан батыс бағытта 85 мыңға жуық контейнерлік пойыз жөнелтілгені, оның 80%-ы Қазақстан арқылы өткені атап өтілді.

Жоғарыда аталған нысандарды аралау барысында тараптар логистика инфрақұрылымын ынталандыруға және жақсартуға бағытталған бірлескен инвестициялық жобаларды ұйымдастыру жоспарларын өзара келісті.